Ботулизмнің алдын алу
36 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Кеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сегізінші шақырылған Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихатының кезекті он жетінші сессиясы өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліповтің модераторлығымен өткен сессия отырысына аудан әкімдігінің бөлім басшылары, аудандық ардагерлер Кеңесінің және Қоғамдық кеңестің төрағалары, ауыл әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысында екі мәселе қаралды. Біріншісі – аудандық білім бөлімінің 2023-2024 оқу жылындағы атқарған жұмыстары болса, екіншісі – аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің ҚР «Жер кодексі» негізінде жер ресурстарын заңды және жеке тұлғаларға заңдастырып беру туралы мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова баяндама жасады. Майра Айдарбекқызы өз баяндамасында:
– 2023 жылдың қаңтар айында мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсіп, 4 жыл ішінде 2 есеге көбейіп отыр. Ал, қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға артты. Бұл педагогтердің өз білімін ұдайы жетілдіруге үлкен серпіліс берді. 2023 жылы аудан педагогтері облыстық, республикалық конкурстардың жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, 7 педагог халықаралық, 11 педагог республикалық, 27 педагог облыстық конференцияларға педагогикалық оқуларға қатысса, 32 педагог облыстық шығармашылық және кәсіби байқаулардан жүлдегер атанды. Сондай-ақ, 2023 жылы аудандағы 26 мектептен 739 мектеп бітіруші түлек ҰБТ-ға қатысып, 77,7 орташа балды көрсетті. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,69 балға өскен. 2023 жылы Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің жоспарына сәйкес, аудандағы 5 мектеп, 4 балабақша мемлекеттік аттестаттаудан өтсе, 2024 жылы 10 мектеп, 5 балабақшада мемлекеттік аттестаттау жүргізіледі деп жоспарлануда. Ауданның білім бөлімінің даму жоспарына сәйкес, кезең-кезеңімен Тасшолақ ауылына 120 орындық, Шолаққайыңды және Көкарық ауылдарына 80 орындық мектеп ғимараты салынатын болады. Биыл Малдыбай ауылында 120 орындық мектептің құрылысы басталады. Мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 500 миллион теңге қарастырылған – дей келіп, шешімін таппай отырған мәселелерге тоқталды.
Содан кейін Майра Айдарбекқызына аудандық мәслихаттың депутаттары сұрақты үсті-үстіне қойды. Бірі Ақыртөбе орта мектебіндегі қоршау мәселесін сөз етсе, бірі оқушыларға тегін берілетін ыстық тамақтың жайын қозғады. Әрбір сауалды мұқият тыңдаған аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова депутаттар көтерген оңды мәселелерге жан-жақты мысалдар арқылы жауаптар қайырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Жанаділов мінбеге көтеріліп баяндама жасады. Аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Сыдықбайұлына да сауалдар қойды. Бөлім басшысы барлық сауалдарға еш мүдірмей жауап қайырды.
Сессияда бұдан да өзге мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
М.Диханбай.