Бала – өмірдің өзегі
Жуырда Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде «21 наурыз – Халықаралық Даун синдромы бар адамдар күніне» орай, іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған іс-шара өтті. Іс-шараның басты мақсаты – балаларға ұдайы қамқорлық танытып, үлкендердің олар үшін әрдайым жауапкершілікте болуын еске салу. Аталмыш шараға ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Тұрар Рысқұлов аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Гулнара Бақбергенқызы, аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Айдарбекқызы, Тұрар Рысқұлов ауданының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Эльмира Аленқызы, «Ақжүніс» аналарды қолдау орталығы қоғамдық қорының директоры Жанат Мырзаханқызы қатысты.
Жалпы бұл мекемеде 165 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленуде. Білімдерін дамыту үшін 15 педагог жұмыс атқарады. Мекемеде балаларға арнайы жағдай жасалынған. Бүлдіршіндердің жетілуіне дефектолог мен логопедтер сынды арнайы мамандар жұмыс жасайды. Әрине, бұндай бүлдіршіндермен жұмыс жасау, екінің бірінің қолына келе бермейді. Бұл туралы жиынға қатысқан қонақтар бар қиындықты еңсеріп отырған аналарға өз кеңесін берді. Шара барысында балапандар түрлі ойындар ойнап, ертегі кейіпкерлерімен суретке түсіп, ерекше әсер алды. Жиын соңында балапандарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Гүлнұр Аманжол.