Кеңейтілген жиын өтті
Осы аптада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен кеңейтілген жиын өтті. Аталмыш жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліповтен бөлек аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары мен ауыл әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде бірнеше өзекті мәселелер қаралды. Соның бірі – жер қатынастары бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары. Бөлім басшысы Д.Жанәділов өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, саладағы мәнді мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, аудан әкімі ветеринария саласында жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. Ернар Серікәліұлы төрт түлікті асылдандыру, қаңғыбас иттерді аулау, базар аумағында саудаланатын ет пен сүт өнімдерінің сапасына қатысты жұмыстарды жүйелеу керектігін сөз етті.
Жиында аудан әкімдігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Өмірқұлов пен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Н.Қадірханов елді мекендердің санитарлық тазалығы мен көктемгі су тасқынына дайындығын баяндады. Баяндамашыларды мұқият тыңдаған аудан әкімі арық-атыздар мен елді мекен маңын қоқыстан тазартуға үлкен мән берілуі керектігін айта келе, ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі бөлім мен мекеме басшылары, сондай-ақ, ауылдық округ әкімдерінің арасында тығыз байланыс болу қажеттігін айтып, өзекті мәселелерді шешуде бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.