Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Апта басында дәл осындай тақырыпта Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде дөңгелек үстел форматында іс-шара өтті.
Аудандық орталық кітапхана қызметкерлері мен аудандық ардагерлер Кеңесінің бірлесе отырып өткізген іс-шарасына аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Райзо Шәділбеков, аудандық билер кеңесінің төрағасы Тұрсынхан Жаманбаев, Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаев, Көгершін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов, аудандық билер кеңесінің мүшелері, аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара шымылдығы Қарақат ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлжамал Жарқынбаеваның орындауындағы «Майлықожаның термесімен» ашылды.
Іс-шара барысында шешендік өнер туралы тың мағлұматтар беріліп, «Бала дауын» шешкен Төле би туралы бейнеролик көрсетілді. Аудандық орталық кітапхана қызметкерлері шешендік сөздерді жатқа оқыса, «Шешендік өнер – ұлттық тәрбие» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.
Содан соң аудандық кітапхананың жас оқырманы Алдияр Қуанышбек жыр-шумақтарын оқыды. Одан кейін іс-шараға шақырылған қонақтар шешендік өнер тағылымы туралы өздерінің пікірлерін білдірді. Аудандық ардагерлер Кеңесінің мүшесі Райзо Шәділбеков Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің өсиет сөздерінен мысал келтірсе, аудандық билер кеңесінің төрағасы Тұрсынхан Жаманбаев пен Көгершін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов шешендік өнердің ел тұтастығын сақтауда маңызды рөл атқарғанын тілге тиек етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жамбыл Назарбеков те үлкен мен кішінің, кіші мен жасамыстың арасында болған шешендік өнерге қатысты көптеген тарихтан мысалдар келтіріп, оның көбісін жатқа айтып берді.
Қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы – шешендік сөздер десек, баба мұрасы ұрпаққа ұлағат, кейінге аманат, келер күнмен бірге жасайтын рухани асыл қазына. Шара соңында «Баталар жинағы», «Атадан қалған асыл сөз» кітаптарының құрастырушысы аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы іс-шараны қорытындылап, жиынға қатысқан жастарға ақ батасын берді.
Әйгерім Баймұратова,
аудандық кітапхананың библиографы.