Жүрегі ел деп соққан Азамат

161 Views

Адам дүниеге келіп, жай ғана өмірден өтіп кетпейді. Ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады екен. Ол мұрадан өскелең ұрпақ өнеге алады. Ал, сол мұраны халыққа ұсынатын бірден бір көз, ол – мұражай. Мұражайдың қай түрі болмасын өткенді есте сақтаумен қатар кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады. Осы орайда, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі болған елге сыйлы азамат, Жарлысу ауылының тумасы, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Парыз» медалінің иегері, «Алтын жұлдыз» белгісінің иегері Сайрамбай Дөненбаев ағамыздың өткен жолы мен тарихы бар.

Ағамыз өмірден өткенімен, оның қалған игі істері ұрпаққа үлкен өнеге. Ол кісі жайлы қанша айтсақ та, қалай айтсақ та жарасымды. Өйткені, ауылдың көркеюіне атсалысқан жомарт түлек, тау тұлға. Жаңарған ауылдың бірі – Жарлысу елдімекені. Ауылда заманауи мектеп пен балабақша, бір сәт табиғат аясында демалатын саябақ, мұсылман қауымы бас қосатын мешіт пен асхана, шаруаларға арналған тұрғын үйлер, шопан балаларына арнап салынған интернат та, шипасы мол шипажай демалыс орны да бар. Мұның бәрі жүрегі кең, жаны жайсаң нар тұлғалы, ардақты азамат – Сайрамбай Дөненбаевтың бастамасымен бой көтерген.
Жақында Жарлысу ауылындағы Айтқұл Шынәсілов атындағы шағын орталықты орта мектебінен «Жомарт түлек» жобасы аясында Сайрамбай Әліқұлұлы ағамыздың ұл-қыздарының демеушілігімен мұражай ашылды. Өрнек ауылдық округінен келген ақсақалдар мұражайдың лентасын қиды. Мұражайдың бір жақ бұрышында Сайрамбай Дөненбаевтың жетістіктері, әкесі Әліқұл ақсақалдың марапаттары қойылды. Сондай-ақ, мұражай ішінде арнайы ауыл макеті мен мұражай ортасында ағамыздың мүсіні қойылған. Сол жақ бетінде мектеп, ауыл тарихынан сыр шертетін жәдігерлер, соғыс және еңбек, тыл ардагерлерінің өмірі, алтын және күміс алқа иегерлері, мектеп түлектерінің еңбектері, әр салада еңбек етіп жүрген мектеп түлектері жайлы мағлұматтар жинақталған. «Мектеп әлемі» журналының барлық басылымы қойылған. Мұражайдың кіреберіс бұрышынан Сайрамбай Дөненбаевтың отбасылық суреттерін, сыр сұқбаттары және оқушылардың арнау өлеңдерін де көруге болады. Ашылған мұражай арқылы тұлғалар тағылымын жас ұрпаққа жеткізіп, ұлттық сана сезімін қалыптастырып, оларды ұлтжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу керек.
Айтқұл Шынәсілов атындағы шағын орталықты орта мектебінде өткен аталмыш шара бес кезеңді қамтыды. Мұражайдың ашылуынан соң, келген қонақтар мектептің акт залына түсіп, ағамызды еске алу кешіне ат басын бұрды. Кешке Сайрамбай Дөненбаевтың барша жақындары, ұл-қыздары мен немерелері қатысты. Кеш барысында ағамыздың жасаған игі істері мен өмірі жайлы жасалған арнайы бейнесюжет көрсетілді. Кеш соңында қонақтарға арнайы кәде-сыйлар табысталып, мектеп түлегі Дархан Бұламбаев ауыл ақсақалдарына шапан жапты. Ақбұлақ орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Еркимбаева Қазақстанның Еңбек Еріне арнау өлең шығарып, мұражайға естелік етіп ұсынды.

Гүлбарам Шотаева,
А.Шынәсілов атындағы шағын орталықты орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Поделиться ссылкой: