ҰЙЫСҚАН ҰЛТ ЕШҚАШАН ҰТЫЛМАЙДЫ

126 Views

Серік Өтегенов,
Қазақстан халқы Ассамблеясы, Т.Рысқұлов аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Қымбатты газет оқырмандары, наурыз айының 15-ші жұлдызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал адам – Адал еңбек – Адал та­быс» атты тақырыпта сөз сөйлегенін бү­кіл еліміз жылы қабылдады деп ойлаймын. Президентіміз өз сөзінде «.. бүгін ортамызда Құрылтай мүшесі, аса көрнекті мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов отыр. Ілекең де – нағыз мемлекетшіл тұлға, зиялы қауым ішіндегі аса беделді ағамыз. Әрдайым салмақты ой, салиқалы пікірімен елге сыйлы болып жүрген ардақты азамат. Біз халқымыздың осын­дай перзенттерін, олардың өмір жолын жан-жақты дәріптеуіміз ке­рек, лайықты құрмет көрсетуіміз қа­жет» деген болатын. Иә, біздің де 85 жылдық тарихы бар ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар баршылық. Сондықтан келешек ұрпақтарымыз осындай ауданымыздың ардақты азаматтарын, кешегі ел байлығын еселеген майталман егінші механизаторларымызды, күн­діз-түні аттан түспей, бел жазбай төрт түлікті өрбітіп ет, сүт, тағы бас­қа мал өнімдерімен, азық-түлікпен халқымызды қамтамасыз еткен еңбек озаттарын біліп өссе, жастарымыздың туған жерге, еліне деген сүйіспеншілігі артып, еліміздің нағыз патриоты бо­лып қалыптасуына игі ықпал етері сөз­сіз. Президентіміз айтқандай, ардақ­тыларымызды дәріптеуге атсалысайық ағайын. 3-ші Құрылтайда мемлекеттік тілдің мәртебесін кеңейту туралы да Мемлекет басшысы өте жақсы айтты. Бірақ, қазақ тілінің елімізде қолданылу аясы әлі де өте баяу екенін күнделікті өмірде көріп отырмыз. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Тіл мәселесінің маңыздылығын Алаш арыстары да атап көрсетіп кеткен еді. Өзге ұлт өкілдері арасында санаулы азаматтар қазақша сөйлегеніне тоқмейілсіп жүргеніміз де жасырын емес. Мемлекетті құраушы қазақ халқы, соған қарамастан мем­лекеттік тіл – қазақ тіліне басымдық бермей келеді. Жастарымыз, әсіресе қалалық қазақтарымыз көбінесе орыс тілінде сөйлейтіні белгілі. Мейлі, көп тіл білгеннің пайдасы зор. Бірақ ана тіліміз бірінші орында тұрса ұйысқан ұлт боламыз. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің төл тарихын түгендеу бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстар туралы айта келіп, алдағы уақытта ел тарихын зерт­теу бойынша жүргізілетін жұмыстар туралы нақты тапсырмалар берді.
Ұлт­тық бірегейлігімізді нығайту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасы бойынша биыл бірінші рет Наурыз мерекесі 14 наурыздан бастап жаңаша мазмұнда атап өтілді. Халқымыз бұл шешімге дән риза болғанына еліміздің түкпір-түкпірінде жаңаша форматта өткізілген мерекелік іс-шаралар жарқын дә­лел. Тағы бір айта кететін жайт, Мемле­кет басшысының әскери және күш­тік құрылым қызметкерлеріне, жауын­герлеріне арналған «Айбын» орде­нінің түрлі дәрежесін еліміздің даңқ­ты тұлғалары, батырларымыз Саға­дат Нұрмағамбетовтың, Бауыр­жан Момышұлының, Рақымжан Қош­қарбаевтың есімімен атау тура­лы ұсынысын халқымыз қуана қол­дай­тыны айдан анық. Олар даңқты ерліктерімен халықтың жүрегінен орын алған батырларымыз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрыл­тайда бүгінгі қоғамдағы түйткілді мәселелерді де атап көрсетіп қана қоймай, олармен нақты күресу жол­дарын да белгілеп берді. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысы­рапшылдық, вандализм, басқа да жағымсыз әдеттерден ары­луымыз жақсылыққа жетуіміздің төте жолы екендігін және қоғамымызда заң үстемдік құрып, тәртіп қатаң сақ­талуы қажеттігін атап көрсетті. Олар туралы жеке мақалалар жазып тоқ­талуға болады. Осы алқалы жиында Мемлекет басшысы халықтың тұрмыс жағдайын, әл-ауқатын жақсартып, баспанамен қамту мәселелерін ше­шу бағытында жасалып жатқан игі шараларды іске асыруға ерекше мән бе­ріліп отырғанына да тоқталды. Ел Президентінің 3-ші Құрылтайда бүгінгі басты құндылықтарымыз «тәуелсіздік, отаншылдық, әділдік және жауапкершілік, бірлік пен ынтымақ, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық деп көрсетті. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» осы құндылықтар озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге бо­лады.
Жас ұрпақтың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша кө­ңіл бөлінуі керек. Ұлтымыз осы идея­лық негіздерді басшылыққа алса, қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады» – деді Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Олай болса ардақты ағайын, Прези­дентіміздің 3-ші Құрылтайда ұсынған құндылықтары әрқайсымызға – нақты бағдаршам. Бұл айтылғандар біздің алдағы уақытта жүргізетін қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, отансүйгіштік, әскери-патриоттық іс-шараларымызға арқау болуы тиіс. Еліміздің дамуына әрқайсымыз адал еңбекпен өз үлесімізді қосайық.

 

Поделиться ссылкой: