ФИНАЛДА ӨНЕР КӨРСЕТЕТІН алтылық белгілі болды

482 Views

Жуырда аудандық жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен Луговой ауылдық мәдениет үйінде жас жайдарманшылардың кезекті ойыны болып өтті. Мақсат -қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану әрі олардың бір-бірімен достық қарым-қатынасын нығайту.

Сонымен маусымашар фестивалінде бақ сынап, жартылай финалға іркілмей өткен «Қорағаты жастары құрамасы», «Тереңөзек сити», «Мұғалімнің балалары», «Пирамида», «Бағдаршам», «Фаворит», «Фук-фук», «Бомбей қыздары», «Біздің жігіттер», «Зың-зың», «Фантастик» және «Құлан жастары» сынды командалар бұл жолы да жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысып бақ ты. Алайда, «Жас келсе – іске» атты шартты тақырыпқа келгенде жас әзілкештеріміз сапасыз дүниелерге бой алдырып жатты. Орысша тіркестерді айтпағанның өзінде анайы сөздерді қолданған тұстары да болды жас жайдарманшылардың. Дегенмен, қазылар алқасы он екіліктің ішінен тек алты командаға ғана жолдама беріп, ақтық сынға өткізді.

Енді командалардың ойындарына қысқаша шолу жасап өтсек. Мәселен, маусымашар кезеңінде өзгеше стильмен көзге түскен «Мұғалімнің балалары» бұл жолғы ойында қарсыластардың алды бола алмады. Жігіттердің мүлде дайындалмағаны көзге көрініп тұрды. Осы тізімге «»Біздің жігіттер», «Бомбей қыздары», «Фаворит», «Тереңөзек сити», «Құлан жастары», «Зың-зың», «Қорағаты жастары құрамасы», тіпті, облыстық жайдарман ойындарында өнер көрсетіп жүрген «Фук-фук» командасын да қосуға болады. Залға жиналған көпшіліктің ойынан шыққан екі команда болды. Ол «Пирамида» және «Бағдаршам». Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен «Зың-зың», «Бомбей қыздары», «Тереңөзек сити», «Фукфук» және өздерінің ерекше әзілдерімен жайдарман сүйер жастардың жүрегін жаулаған «Пирамида» мен «Бағдаршам» командалары финалдық кезеңге өтті. Келесі кезекте аты аталған 6 команда желтоқсан айында аудан әкімінің кубогын сарапқа салатын болады. Жайдарманшылардан қызыққа толы ойын күтеміз.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: