«Мен даланың қызымын…»

125 Views

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Жамбыл өңірінің тумасы, жезтаңдай әнші Бағдат Сәмидинованың 70 жас мерейтойына орай, сәуір айының 10-ы мен 16-сы аралығында аймақта концерт өткізу жоспарланған.
Сәрсенбі күні Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мә­дениет үйінде ҚР ең­бек сіңірген әртісі, «Құр­мет» орденінің ие­гері, әнші Бағдат Сәмидинованың «Мен даланың қызымын…» ат­ты мерей­той­­лық кон­цер­­ті өтті. Кон­церт алдын-ала жос­парлан­ғандықтан, әнші­нің мерейтойлық ке­шінде құландықтар залды лық толтыра отыр­ды. Және әншінің жеке шығармашылығына деген құрмет те ерек­ше болды.
Қазақы тыңдарман Бағдат Сәми­дино­ваны кең диапазонды өнерпаз ғана емес, есті сөздерден құралған әуезді әндерді шырқайтын кәсіби әнші ретінде таниды. Осы концертте ол солай болды да. Расымен де, аталмыш концертте сөздері келісті есті әндер шырқалды. Соның ішінде әншінің төлқұжатына айналған Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» және Сейдолла Бәйте­рековтің «Сарыарқа» әндері де бар.
Бір жарым сағатқа созылған мерей­тойлық концертте жезтаңдай әнші халыққа рухани азық қана емес, көтеріңкі көңіл-күй де сыйлады.
Мерейтойлық концертте жер­лесіміз, «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты, ҚР ең­бек сіңірген мәдениет қайраткері Досымжан Таңатаров пен жастардың көңілінен шығып жүрген «Астана» тобы да өнер көрсетті. Концертте аудандық ардагерлер Кеңесінің төр­ағасы Қожайхан Бижанов сөз сөйлеп, әншіге ықылас гүлін тарту етті.

Біздің концерттен түйген ойымыз: осындай есті әндер экраннан көптеп шырқалса, күлді бадам ұйқастарға құралған ессіз әндер көрерменге жол тартпас еді. Тыңдармандардың талғамы да сөзі келісті есті әндер арқылы өсетіні анық.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: