«Таза қазақстан» республикалық акциясы басталды
Ауданда республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы берекесімен бастау алып, ауқымын кеңейте түсті. Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру.
Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Ернар Серікәліұлы бірқатар мекеме басшылары және жастармен бірігіп, И.Панфилов көшесіне тазалық жұмыстарын жүргізді. Игі бастамаға И.Панфилов тұрғын-үй алқабының тұрғындары да белсенділік танытты. Аталмыш науқан бес аптаға созылады. Ерекшелігі – әр апта белгілі бір тақырып аясында өтпек. Акция 5 кезеңнен тұрады. Мәселен, сәуірдің он үшіне дейінгі апта «Таза өлке», одан кейін «Киелі мекен» апталығында тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары қолға алынса, «Жасыл аймақ» апталығында көшеттер отырғызылып, «Өнегелі ұрпақ» апталығында ардагерлер мен қарттар үйі аумақтары тазаланбақ. Ал, соңғы бесінші «Мөлдір бұлақ» апталығында өңірдегі өзен-бұлақтар мен арық-атыз, каналдар тазаланады деп жоспарланып отыр.
Науқанның алғашқы аптасы – «Таза өлке» тақырыбында өрбіді. Мемлекет басшысының аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде берген тапсырмасына орай аудан тұрғындарына үндеуін жариялады. Экологиялық акция аясында И.Панфилов тұрғын-үй кешенінің талдары әктеліп, ойын алаңшасы сырланды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сипатты сөзді санаға түйген аудан тұрғындары шырша талдарын отырғызды.
Гүлнұр Аманжол.