Киелі «Құлан қалашығы» абаттандырылды
Естеріңізде болса, ауданда республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған болатын. Акцияның өзі бірнеше апталықтарға бөлінген. Атап айтқанда, 6-13 сәуір аралығы – «Таза өлке» апталығы, 13-20 сәуір аралығы – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығы – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін – «Өнегелі ұрпақ», ал, 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы.
Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыруда бұл акцияның басты мақсаты болып саналады. Еліміз бойынша 10 сәуір күні басталған экологиялық акция 11 мамырға дейін жалғасады.
Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Айта кетейік, кеше «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы басталды. Науқан аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағында тазалық жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінгі таңда қазақ даласындағы құнды жәдігерлерді әлем танып, мойындап үлгерді. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне елімізден сегіз тарихи-мәдени ескерткіштің енгізілгені белгілі. Сол ескерткіштердің бірі – біздің аудандағы Құлан қалашығы. Осы орайда аталмыш акция барысында «Құлан қалашығы» тарихи-мәдени ескерткішінің аумағы тазартылды. Акцияға аудан әкімі Ернар Серікәліұлы, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы, сонымен қатар, мәдениет қызметкерлері, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Тарихи-мәдени ескерткішті абаттандыру бойынша аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, ауласы шөптен тазартылып, ретке келтірілді. Сондай-ақ, Құлан қалашығының маңын қоқыстан тазартып, қоршауларын қалыпқа келтіріп, әктеу және сырлау жұмыстарын жүргізді. Ескерткіштерді тазалау тарихи тұлғаларымызға көрсетілген құрмет. Акцияға қатысушылар «Киелі мекен» акциясы ұрпаққа үлгілі іс дейді. «Мұндай ғажайып мекенді сақтау, тазалау біз үшін абыройлы міндет» дейді аудан тұрғындары.
Жұмыстар әлі де жалғасын табады. Жалпы «Киелі мекен» аптасында бірнеше іс-шараларды өткізу жоспарланған. Алдағы уақытта «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» науқаны бойынша іс-шара жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар атқарылады.
Гүлнұр Аманжол.