Вакцинацияның маңыздылығы

63 Views

Егу, вакцинация – адам организміне вакцина немесе арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы белгілі бір жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшін қолданылатын әдіс. Вакцинация – біз егжей-тегжейлі қарастыратын жұқпалы аурулардың жалғыз сенімді қорғанысы. Вакцина инфекциямен қатынаста болған кезде микроорганизмдердің дамуына тосқауыл болатын қорғаныш антиденелерді шығарады. Сол кезде ауырған жағдайдың өзінде, ауру жеңіл түрде өтеді. Вакцинация арқылы әр түрлі инфекциялық аурулардың санын азайтуға, ал, кейбір ауруларды мүлдем жоюға болады. Ағза үшін жат нәрсе болғандықтан, кей кезде вакцина жергілікті немесе жалпы реакциялар тудыруы мүмкін. Бірақ, бұл реакциялар сол аурудың асқынған жағдайы мен сол аурудың алып келуі мүмкін зардаптарына қарағанда өте сирек кездеседі. Екпе алғаннан кейінгі реакциялар жеңіл түрде немесе өте тез өтеді. Ата-аналардың сенімсіздігіне келер болсақ, республикада халықты иммунизациялау кезінде, ҚР-да мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналар ғана қолданылады. Екпенің дер кезінде алынбауы, инфекцияға сезімтал адамдардың көбеюі мен ірі аурудың бұрқ етуіне әкеледі. Екпелер тек өз денсаулығын қорғау үшін жүргізілмейді, ол сондай-ақ, қоғамның саулығы үшін де жүргізіледі (ауырған адам инфекцияны таратушы болуы мүмкін және басқа адамдарға қатер төндіреді). Ескеретін жағдай, халықты иммунизациямен толық қамтымау, әсіресе бірнеше жыл қатарынан, инфекцияны тез қабылдағыш тұлғалардың жиналуына әкеледі. Соның әсерінен инфекциялық аурулардың өршуі туындайды. Сонымен қатар өз балаңызға вакцинация жүргізу мәселесін шешу кезінде, негізі жоқ, ешқандай ғылыми мәліметтерге сүйенбеген, медициналық білімі жоқ кез келген адам сала салған интернеттен алынған мәліметтерді арқаланбай, ең алдымен ғылыми дәлелденген ақпарды, вакцинопрофилактика саласындағы ғалымдардың еңбектерін оқып байлам жасау керек.
Әр ата-ана балама екпе салу керек пе, жоқ па деген таңдаудың алдында тұрады. Дегенменде, ата-ананың білуі қажет нәрсе, уақтылы жасалған екпелер баланы аурудың ауыр түрінен сақтауға көмектеседі және ары қарай инфекциялық ауруларды жұқтырудан сақтайды. Балалардың барлығы қорғауға болатын барлық жаман нәрседен қорғалуы тиіс!

С.Алибаева,
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемио­логиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.

Поделиться ссылкой: