Үздік үштіктен көрінді

139 Views

Жуырда Рахым Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ ша­ғын орталықты орта мек­те­бінде Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» ұйымдастыруымен 5-6 сы­нып оқушылары арасында шахматтан «Ұлттық мектеп лигасы» жарысының облыстық кезеңі өтті. Бұл жарыстың неге мұнда өтілуін сұрасаңыз, Ақбұлақ шағын орталықты орта мектебінде Ниязбек Каипов жаттықтыратын шахмат үйір­месінің оқушылары осы жарыстың аудандық кезеңінде топ жарып, жеңімпаз атанған болатын.
Жалпы, бұл жарыс 4 кезеңнен тұрады. Алдымен мектепішілік, содан соң аудандық сайыс. Аудандық кезеңде Ақбұлақ шағын орталықты орта мекте­бінің оқушылары жеңімпаз бол­ған­дықтан, жарыстың облыстық кезеңі осы мектепте ұйымдастырылды. Жалпы, бұл мектепте дәл осындай жарыс тұңғыш рет өтіп отыр екен. Оны да баса мән беріп айтып өткен абзал. Бұл не деген сөз? Мұнда шахмат үйірмесінің жетекшісі Ниязбек Каиповтың ерен еңбегі бар деген сөз. Өз ісіне жауапты маманның үйірмеге қатысатын әрбір оқушымен жұмыс жа­сап, содан нәтиже шығара білгендігінің жемісі.
Жарысқа Тараз қаласынан және аймақтың 9 ауданынан 40-қа жуық оқушы келіп қа­тысты. Жарыс қорытындысы бо­йынша Тұрар Рысқұлов ауданы­ның намысын қорғаған Ақбұлақ шағын орталықты орта мектебінің оқушылары үздік үш команданың қатарына еніп, жүлделі үшінші орынға ие болды. Жүлделі екінші орынды Тараз қаласынан кел­ген оқушылар еншілесе, жүл­делі бірінші орынды Меркі ауда­нының оқушылары жеңіп алды. Осылайша, меркілік оқу­шылар шахматтан «Ұлттық мектеп лигасы» жарысының респуб­ликалық кезеңінде облысы­мыздың атынан бақ сынайтын болады.
Кейбір мекемелер бар бізде. Үйірмелері бар, бірақ нәтижелері аз. Ал, аз ғана сағатпен жұ­мыс істеп жатса да ешбір жатты­ғу­ды қалыс қалдырмайтын Ниязбек Каиповтың шә­кірттері «Ұлттық мектеп лигасы» жарысының ау­дан­дық кезеңінде топ жа­рып, осы жарыстың об­лыстық кезеңінде үздік 3 ко­манданың қатарына енсе, жақсы көрсеткіш емей немене?.. Осындай ма­мандарды қолдау керек біз­діңше. Сонда ғана жақсы нәти­желерге қол жеткізе аламыз.
Жарыс соңында біз осы додаға арнайы келіп қатысқан Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» басшысы Аманғали Жартыбаевтан сұхбат алған едік. Ол өз сөзінде жарыстың тартысқа толы өткендігін айтып, Ақбұлақ шағын орталықты орта мектебінің ұжымы бұл жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыра білгенін тілге тиек етті.
«Ұлттық мектеп лигасы» 10 спорт түрінен өтеді. Соның ішінде шахмат та бар. Бұл жарыс 5-6, 7-8 және 9-11 сынып оқушылары арасында өткізіледі. Қазір шүкір, әр мектепте шахмат үйірмелері жұмыс жасайды. Ол үйірмелерде білікті мамандар оқушыларға шахматтың қыр-сырын үйретіп жүр. Бүгін соның айқын дәлелін көрдік. Командалық сайыста ешкім жеңілгісі келмейді әрине. Бірақ бұл спорт. Сондықтан жеңімпаз анықталуы тиіс. Біз бұл жарыста Меркі ауданының оқушылары жеңімпаз атанғанын көрдік. Тараз қаласы мен Тұрар Рысқұлов ауданының намысын қорғаған Ақбұлақ шағын орталықты орта мектебінің оқушылары да жақсы нәтиже көрсете білді» – деді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: