Семинар-тренинг өткізілді
Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында сайлау процесін ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбы бойынша жаңадан сайланған учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған семинар-тренинг өтті.
Аталмыш шараға облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тлепов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, аудандық прокуратура өкілдері, жергілікті атқарушы органның сайлау процесіне қатысты бас есепшілері, жаңадан сайланған учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты. Оқыту-семинардың жоспарына сәйкес, «Сайлау құқығының принциптері және сайлау жүйелерінің негізгі аспектілері» тақырыбында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы өз баяндамасын жасады. Сондай-ақ, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов «Дауыс беру тәртібі және дауыс беру қорытындыларын анықтау» тақырыбында сөз сөйледі. Семинарда қатысушыларға арнайы дәрістер оқытылып, сергіту сәттері мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиын соңында жаңадан сайланған учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған тақырыптарды бекітуге арналған тестілеу бойынша оқыту-семинарға қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Гүлнұр Аманжол.