Жастар 100 жастағы қарияның батасын алды

130 Views

Жаңатұрмыс ауылы­ның тұрғыны, Ұлы Отан соғысының арда­гері Шалданбай Шанбаев атамыз 101 жас­та. Шалданбай ақсақал 1942 жылы әскерге шақырылып, соғыс аяқталғанша ішкі істер әскерлерінің 227 полкінің құрамында болған.

Майдангер қарт 1949 жы­лы елге оралып, трак­­тор бригадасының бри­га­дирі, санақшы ретінде ең­бек етіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін Жаңатұрмыс колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болып еңбек еткен.
Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысына қатысқан май­дан­герлердің қатары жыл санап азаюда. Біздің ауданымызда сұрапыл соғыста етігімен су кешіп, ұлтарақтай жерін қорғаған майдангер аталарымыздан көзі тірі қалғаны осы – Шалданбай Шанбаев атамыз. Біз секілді жастардың май­дангер ақсақалға деген құрметі ерекше.
Өткен жұмада аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері, «Жасыл ел» жасағының еріктілері «Таза Қазақстан» экоакциясының «Өнегелі ұрпақ» жобасы бойынша Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шанбаев атамыздың үйіне арнайы барып, абаттандыру жұмыс­тарын жүргізіп, ардагермен бірге үй аула­сына сән ағаштарын отырғызды.
Осы­лайша аудан жастары 100 жастан асқан қарт майдангерге ерекше сыйлық жасады.
Айта кетейік, Шалданбай қария Мәкен әжей екеуі 6 ұл, 3 қыз өсіріп, тәрбиелеген. Бүгінде олардан 49 немере, 100 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр.
Қос ғасырдың көзін көрген Шалданбай Шанбаев атамыз әркез ел халқының бірлікте өмір сүріп, тату-тәтті ғұмыр кешкенін қалайды. Ол Ұлы Отан соғысы ардагерінің әрбір сөйлеген сөзінен аңғарылып тұрды. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері мен «Жасыл ел» жасағының еріктілері майдангер атамыздың үйінің ауласына шырша ағашын егіп, үй ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Осының бәрін көзбен көрген Шал­дан­бай ата жастар көрсеткен құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Ерболат Жәдік,
«Жас­тар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры.

Поделиться ссылкой: