Жасұландықтар да акцияға атсалысты

141 Views

Қазақ «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Бүгін осы бір тәмсілге сүйене отырып, луговойлық оқушылар жасы 90-нан асқан бірқатар ардагерлердің үйлеріне барып, көмек қолын созды. Аула аумағын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, ардагерлердің үйіне ауыл әкімі Мұратбек Сванов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсенбек Әлпейісов те барып, қариялармен пікір алмасты.

Еріктілер еңбек еткен алғашқы аула ауданның «Құрметті азаматы», ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, 90-нан асқан ақсақал Жүнісбай Тоқтыбаевқа тиесілі.
Жүнісбай Дүйсенбайұлы осы күнге дейін 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған ақсақал. Бір қызығы Жүнісбай ақсақалдың әкесі де темір жол саласында еңбек етіп, әйгілі Түрксіб темір жолын салуға атсалысқан еріктілердің бірі. Бүгінде ата кәсіпті ақсақалдың ұл-қыздары мен немерелері лайықты түрде жалғап келеді.
«Жас ұлан» ұйымының еріктілері тазалық жұмыстарын Анна Хомяк есімді әжейдің үйінде жалғастырды. Анна әжей 1933 жылы Украина жерінде дүниеге келіп, 1960 жылы Қазақстанға қоныс аударып, әлі күнге дейін осында өмір сүріп келеді. Бүгінде 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, олардан 6 немере сүйген. Екі ұлы да әскери салада қызмет етіп, зейнетке шыққан. 40 жыл бойы аспаздықпен айналысқан әжей «Жас ұланның» жалынды жастарына шек­сіз алғысын білдіріп, әлемде тек бейбітшілік болсын деген тілегін арнады.

«Құлан медиа» ақпарат.

Поделиться ссылкой: