Оқушылардың көру қабілетінің бұзылуын алдын алу

199 Views

Оқу жылында оқушының ата-аналары кездесіп жататын бірінші мәселе – баланың көзіне айтарлықтай жүктеменің түсуі. Қосымша сабақтар, ұйқының бұзылуы, дұрыс және ұтымды тамақтанудың болмауы, салауатты өмір салтын ұстанбау – мұның бәрі оқушының көру қабілетінің нашарлауына ықпал етеді.

Электрондық гаджеттердің кең таралуы, әлеуметтік желілер мен компьютерлік ойындарды әдетке айналдырып, оған тәуелді болу – баланың көру қабілетіне айтарлықтай зиян тигізеді. Сонымен қатар, көп қозғалмау, дәрумендер мен минералдарды жеткіліксіз пайдалану балалар ағзасындағы метаболикалық процестердің бұзылуына және әртүрлі аурулардың дамуына, соның ішінде көру қабілетінің бұзылуына әкеледі. Медициналық статистикаға сәйкес, мио­пия диагнозы оқушылардың үш­тен бірінде және мектепке дейінгі балалардың 20 пайызында расталған. Оқушыларда аккомо­дацияның спазмы, алыстан көргіштік және астигматизм жиі кездеседі.
Балалардың болашағына көңіл бөлу өте маңызды. Қазіргі дамыған заманда балалардың көру қабілетінің бұзылуы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Ата-аналар, егер сіз баланың көзін қысып, жиі жыпылықтап, көзін ысқылап, экранға жақын отыра бастағанын байқасаңыз, оның көру қабілеті нашар болуы мүмкін. Бұл мәселені шешуді кейінге қалдырмаңыз. Офтальмологқа барыңыз. Дәрігерге уақтылы бару оқушының көру қабілетін сақтайды және оның одан әрі нашарлауына жол бермейді. Жыл сайын оқушыларға жоспарлы түрде тереңдетілген медициналық тексерулер мамандардың көмегімен жүргізіледі. Сол себепті балалар мен жасөспірімдер уақтылы медициналық тексеруден өтуі қажет. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!

Г.Темирбекова,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысының орынбасары.
Н. Аманкелдиева,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің басшысы.

Поделиться ссылкой: