Айырылған ел – азар, Қосылған ел – озар

147 Views

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған халқымыз бірлік күнін жылда сән-салтанатымен тойлайды.Мереке көп жылдан бері ынтымақтастықтың символына айналды.

Қазіргі таңда кең байтақ жерімізде 130-дан астам этнос өкілдері өмір сүруде. Барлығы да достық атты шаңырақ астында ғұмыр кешуде.
Осы орайда, халық татулығының күретамырына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында көп этносты мемлекетімізде өзара түсі­ніс­тік пен адамның ұлты, діні мен тіліне қарамай сыйластық қалыптасқанын айтып өткен жөн.
Қиын- қыстау мезгілде отанымыздан пана тапқан өзге ұлт өкілдері үшін Қазақстан – Отанға айналды. Қазақтың мәдениеті мен тілі жүректерінен орын тапты. Әсіресе, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері үшін қазақ тілін меңгеру мақтанышқа айналды. Бүгінде қазақ үшін қызмет етуге дайын елге белгілі тұлғаларды кездестіру қалыпты жағдайға айналды. Солардың қатарынан кәріс ұлтынан шыққан жас журналист Ирина Тенді айтар едім. Көпшілік қауым Иринаны «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі ретінде таниды. Орыс сыныбында білім алған Ирина өз қалауымен қазақ тілін меңгерген. Иринаның айтуынша, қазақ тілі көп мүмкіндіктерге жол ашқан.Қазірде Ирина Тен қаладағы «орыс тілді» қазақтарды да шаң қаптырып кетерлік дәрежеде қазақ тілін меңгерген. «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» деген ұстанымды ұстанған Ирина Тен білім көкжиегін әлі де кеңейтуге тырысатынын ұдайы айтып жүр.
Менің де ұлты өзге болғанымен, жаны қазақ деп тұрған достарым бар. Солардың бірі балалықтың бал естелігін бөліскен сыныптасым – Шахрух. Өзбек ұлтынан шыққан досымның қазақ тілін мақтамасқа болмайды. Тіпті, қазақ деп қаласың. Кейде әзілдеп «Мен қазақпын» деп сыныпты қарқ күлкіге қалдыратын. Алайда, Шахрух өз ана тілінде ұмытқан емес. Тәтті естеліктерді есіме алсам, Шахрухтың музыка сабағында өзбекше ән айтып, көңілімізді көтеріп жүргені жүрегімді жылытып қоя береді. Бүгінде досым киелі Түркістан қаласында тұрса да, хабарласып өз­бекше әндерімен қуантады.
Қорытындылай келе, «Бірлігі бар елдің, белін ешкім сындырмас» демекші, Қазақстанымды пана еткен 130-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астына бірігіп, тату-тәтті өмір сүрсе, еліміз әсемдене, гүлдене түседі. 1 мамыр – адамдардың ортақ мүдделері мен мақсаттары жо­лын­да бірігуінің маңыздылығын еске салар мейрам. Көктемнің күніндей шуа­ғын шашып келіп жеткен «Бірлік күні» құт­ты болсын!

Нұрай Нұрболқызы,
Әлихан Бөкейханов атындағы
орта мектептің 11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: