50 түп декоративті көшеттер отырғызылды
Республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясына аудандағы білім ошақтарының белсене атсалысып жатқандығын біз газетіміздің өткен санында да жазғанбыз.
Газетіміздің осы нөмірінде де Құлан агротехникалық жоғары колледжінің оқытушылары мен студенттері аталмыш акцияға қолдау көрсетіп, арнайы іс-шара ұйымдастырғанын жазғалы отырмыз.
Яғни, өткен сенбіде Құлан агротехникалық жоғары колледжінің ауласында республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай іс-шара өтті. Жалпы, Олжас Мұсақұлов басшылық ететін Құлан агротехникалық жоғары колледжінің ұжымы кез келген іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыратынын біз жақсы білеміз. Осы жолы да олар аталмыш шараны керемет ұйымдастырды. Сөзіміздің ешбір қоспасы жоқ. Оған бір дәлел іздесеңіз, оны да жазайық. Сол іс-шарада жанымда әңгімелесіп тұрған бір азаматтың өзі «Мәке, іс-шараны ұйымдастырған соң, міне осылай болу керек қой» деді. Міне, шынайы баға. Бұдан артық не айта аламыз.
Бұл іс-шараның республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай ұйымдастырылғанын айттық. Бұл шараға аудан әкімі Ернар Есіркеповтің өзі арнайы барып қатысты. Одан бөлек аудан әкімінің орынбасарлары Ерғазы Еспенов, Бауыржан Есеев, Әлібек Терлікбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Шорабек Атабаев, Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаев, сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер мен Қоғамдық кеңестің мүшелері, сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Осылайша шараға қатысқандардың барлығы Құлан агротехникалық жоғары колледжінің ауласына 50 түп декоративті көшеттер отырғызды.
Сонымен қатар, аталмыш колледждің оқу базасы жыл сайын түрленіп, жаңарып келеді. Қазіргі таңда аталмыш колледжде шағын футбол алаңшасы да салынған. Осының бәрі студенттердің қамы үшін. Дәл осы іс-шарада сол шағын футбол алаңшаның ашылу рәсімі де өтті. Жиналғандардың барлығы да іс-шараның жоғары деңгейде өткендігін атап өтіп, ардагерлер ақ батасын берді.
Марат Диханбай.