Сарысудағы турнирде жеңімпаз атанды
Өткен аптада Сарысу ауданында «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының» ұйымдастыруымен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай, сондай-ақ, спорт ардагері Аблаев Нұрымбет Сатыбалдыұлының 63 жас мерейтойына арнайы ауданаралық волейбол турнирі өткізілді. Турнирде 45 жастан асқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері бақ сынады. Жарыстың мақсаты – отаншылдық, бауырмалдық қасиетті ел арасында дәріптеп, мұғалімдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту. Турнир нәтижесінде барлық қарсыластарынан басым түскен біздің Тұрар Рысқұлов ауданының командасы І орынды иеленді. Команда мүшелерінің қатарында Мақсұт Рысқұлов, Нұржау Рысқұлов, Мақсат Асемов, Асқар Мадалиев, Ербол Есбергенов және Жанат Сабалақов болды. Аталған спортшыларымыздың барлығы мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері. Жеңімпаздарымыз арнайы кубок, диплом және медальдармен қоса ақшалай сыйлықпен де марапатталды.
Айта кететін жайт, аудан атынан барған спортшыларымыз волейбол турнирінің бас жүлдесін өзгелерге берген емес. Мейлі, ол жасөспірімдер арасында немесе үлкендер арасында болсын. Бұл әрине, мақтанарлық жағдай. Ауданымыздың аты оза шапса, тек қуанамыз.
Гүлнұр АМАНЖОЛ.