Қазақ тілі – Қазақстан азаматтығының иесі

129 Views

Қазақ тілін білмесеңіз, Қазақстанның азаматы атанамын деп дәметпей-ақ қойыңыз. Бұдан былай қандай да бір қалтарысты бағып, көлеңкелі жолмен келіп, Қазақстанның азаматы болып, қазақтың төлқұжатын қалтаға басып алу мүмкін емес. Осыдан апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңына қол қойып, аталған заңға қазақ тілінің саяси салмағын арт­тырып, туған тіліміздің конституциялық мәрте­бесіне сай еліміздің тұтастығы мен мызғымастығын және қауіпсіздігін еселейтін норма енгізді.
Бұл – Алаш баласынан алақайлап сүйінші сұрайтындай-ақ заңдық күші бар құжат болды. Азамат­тық мәселесіне қатысты заң талабының күшейгенін естіп, «Отыз жылдан астам уақыт күткеніміз осы еді ғой», – деп қуанғандар да, «Қазақ тілінің құдіреті артып барады», – деп қуарғандар да, тіпті, «Қағаз жүзінде қалатын Қазақ­стандағы көп заңның бірі ғой, соған бола асып-тасудың керегі не?» – деп күмән келтіріп жатқандар да бар. Әйтсе де заңның аты – заң. Халық өзіне аса қажет заңның пәрменді болуын қашанда қатаң қадағалап, бақылап отырады. Жұмыс істемейтін заң – халықтық заң емес. Бұқараның күнделікті қарбаласқан тірлігімен қабыспайтын, ұлт­тық мазмұны кем, әлдебір шоғырдың, әлдебір топтың мүддесіне сай қабылданған заңдар көп, оның қайсыбірін тізбелей берейік. Бірақ елдік сипаты ерекше заңдарды, заң нормаларын жұртқа жеткізу – біздің міндетіміз.
ҚР Парламенті Мәжілісінің қабыр­ғасында қабылдаған заң бойынша:
Мемлекет­тік тілді білмеу, Қазақ­стан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілет­ті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау – Қазақ­стан азамат­тығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз болады.
Мемлекет­тік тілден емтихан тапсы­ратын бұл талап этни­калық қазақтарға қолданылмайды. Демек, жат жұрт­та туып-өскен, тұрған жеріндегі елдің тілінде сөйлеп, ана тілін ұмыта бастаған немесе қиналып сөйлейтін қазақ диаспорасы үшін жоғарыдағы заң көлденең кедергі туғызбауы керек. Бірақ қазақтың қызын алып, іле-шала Қазақ­станның азамат­тығын да иеленіп шыға келетіндерге заң мейлінше тосқауыл болуы тиіс.
Азамат­тық алу жағдайында көлең­келі істермен айналысатын бір сала – көші-қон полициясы. Азамат­тықты сатып, істі болған көші-қон полициясының қызметкерлері туралы кезінде баспасөзде талай жазылып, талай айтылған.
Көші-қонның былыққа бата­тындай да жөні бар. Өйткені бұл сала кейін­гі он-жиырма жылдың шегінде мемле­кет­тің құзырынан шығандап шығып, өзінше өмір сүрді. Саланы былық жайлады. Әукесі салбырап иегін жап­қан, қарыны тізесін қапқан, Отан алдындағы жауапкершіліктен жұрдай әлдекімдер көші-қон полициясының құзірет­ті биігіне көтеріліп алып азамат­тықты оңды-солды үлестірді, сат­ты. Өйткені олардың әлгіндей албасты істеріне тыйым салатын тетік болған жоқ. Ол қандай тетік десеңіз, ол –тіл еді. Ал бұл кез­де қазақ тілінің өзі коррупцияға батқан биліктің табанында тапталып, жаншылып жатқан. Міне, енді көріп отырмыз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін саясат алаңына алып шығып еді, осы күні мемлекет­ті басқару ісі де ептеп өзгере бастады. Қазақ тілі саясатқа серпін беруде. Соның алғашқы нәтижесінің бірі – жоғарыдағы заң және заңға енген норма.
Мысал үшін делік. Күншығыстан езуін құлағына іліп, ыржа­лақтап Қазақ­стан азамат­тығынан үміт­кер біреу келді делік. Қалтасы толы ақша. Мұндай күлегеш, «күлшелі баланы» бұрын маңдайынан сипап, бауырына баса қоятын мекемедегілер енді одан қазақ тілі мен қазақтың тарихын сұрап, сы­нақ алуға мәжбүр. Олай етпесе, басы кетеді. Тіл дейтін тетік соны талап етеді. Қанқұйлы әрекет­тер жасап, қа­шып жүрген террористер мен экстре­мистерден де, педофилдерден де, алабағандардан ат­тап өтіп жүре беретін қылмыс әлемінің «әміршілерінен» де, алаяқтардан да – қысқасы Қазақ­станға қауіп төндіретін кез келген элемент­тің алдынан қасқайып қазақ тілі шығатын болды.
Қазір Қазақ­станның азамат­тығын иеленуді жатса-тұрса ойлай­­тындар аз болмаса керек-ті. Аш-арық Африка, Украинамен соғы­сып қалжыраған Ре­сей, жан саны миллиардтан молынан асқан Қытай, қара бұқарасы Қытайдан да асып кеткен Үндістан, ішінара араб елдері, іргеміздегі қырғыз, «өзіміз ғой, өзіміз» деп өбектейтін өзбек, бұлардың сыр­тында бұғып келіп бүлік жасап кетуді көздейтін саяси күштер, әрі-бері сабылған еңбек миграциясы ебін тауып Қазақ­станның кең қолтығында қоныс­тануды тілейді. Соның бәріне «соқа тісін» көрсетіп, қарсы тұратын күш – қазақтың тілі.
Жә, осы арада мына бір жайт­ты ұмыт қалдырмай, оның да басын аша кеткеніміз жөн болар.
Қолданыстағы «Қазақ­стан Респуб­­ликасының азамат­тығы туралы» Заңы­ның 16-бабында «Қазақ­стан Респуб­ликасы азамат­тарының iшiнде жақын туыстарының бiрi — баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақ­стан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақ­тас республикалардың азамат­тары, Қазақ­стан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, Қазақ­стан Республикасының азамат­тығына қабылданатын болады…» деген норма бар.
Бұл норма – Мәскеуде сонау 1999 жылғы 26-ақпанда жасалған Бела­русь Республикасының, Қазақ­стан Республикасының, Қырғыз Рес­пуб­ликасының және Ресей Федера­циясының арасындағы Азамат­тық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы келісімнің негізінде аталған заңға енгізілген норма.
Ал бұл төрт жақты келісім «Беларусь Республикасының, Қазақ­стан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федера­циясының арасындағы Азамат­тық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы келісімді бекіту туралы» Қазақ­стан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы №17-ІІ заңымен бекітілген. Ендеше Қазақ­станда қалаймақан қарбалас күндері қабылданған заңды көлденең тартып ертең Мәскеу бізге алыстан жұдырық түюі мүмкін. Қазақ­станға қандай да бір пиғылдың жетегімен келе қалған орыстың бәріне оп-оңай «азамат­тығыңды бер» деп тепсінуі ықтимал. Мұны еліміздің құзырлы орындары, заң шығарушы органдар мықтап ойланып, елең-алаңда асығыс қабылданған заңның күшін жоюы керек шығар. Сонда Қазақ­станның азамат­тығының да, қазақ тілінің де қадірі арта түсер ме еді, қайтер еді. Себебі кешелі бері Қазақ­стан азамат­тығының иесі – қазақтың тілі екені анық айқындалды.

Дәурен Қуат, жазушы.

Поделиться ссылкой: