Бала – әкенің білек еті, Ананың – жүрек еті
Бала – өмірдің жалғасы, елдің болашағы. Әрбір баланың тәтті қылығы, тыныш ұйқысы, алаңсыз күлкісі маңызды. Аудандық газет тілшілері осы мақалада Халықаралық балаларды қорғау күнінің шығу тарихы жайлы дереккөз ұсынуды жөн көрді. Назар салып оқуға кеңес береміз.
Балаларды қорғау күнінің тарихы қай кезден басталады? Жыл сайын 1 маусымда әлемнің әр түкпірінде балаларды қорғау күні аталып өтеді. 1949 жылы Парижде өткен әйелдер конгресінде екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан жетім қалған балалардың мәселесі көтерілген еді. Ал 1950 жылы 1 маусымда балаларды қорғау күні ретінде алғаш рет мереке ұйымдастырылды. Жаңа бастаманы басқа елдер қолдап, бұл күн балалардың мерекесіне айналды. Қазіргі таңда балаларға қатысты қысым көрсету мен зорлық-зомбылықты тоқтатуға, бүкіл әлем балаларының өмірін жақсартуға бағытталған ауқымды істер жалғасын тауып келеді. Nationaltoday.com сайтында жарияланған «History of International Children’s Day» жазбасынан балаларды қорғау күнінің тарихы әріректе екенін білуге болады. 1925 жылы Женевада өткен балалар мәселесіне арналған Дүниежүзілік конференцияда балалар күнін атап өту туралы шешім қабылданған екен.
Кейбір елдер бұл мерекені маусымда, ал кей мемлекеттер қарашада тойлайды. Дегенмен, балаларға арналған мейрамның мақсаты бірдей. Өнеркәсіптік революция мен әлемді дүр сілкіндірген дүниежүзілік соғыстардан соң балалардың зорлық-зомбылық, қысым көрсету және адам құқығынан айырылуы сынды мәселелер белең ала бастады. Балалардың әлжуаздығын әділетсіздік пен әдепсіз әрекеттерге итермелегендер де жоқ емес. Миллиондаған бала жарытып тамақтана алмады. Осы келеңсіздіктің барлығы Женева конференциясында арнайы қозғалды. Сондықтан да әлем көшбасшылары бүкіл әлемдегі балаларды қорғау керек деген шешімге келген болатын. Сол кездегі дамыған елдерде балалардың жағдайын жақсарту бойынша шұғыл шаралар басталып кетті. Ал дамушы елдер үшін агенттіктер тарапынан қаражат бөлініп, қайырымдылық жасалды. Әр түрлі науқандар ұйымдастырылып, еріктілердің жұмысы қыза түсті. Осылайша балаларды оқыту, тамақтандыру, адам саудасына қарсы іс-шаралар қарқынды түрде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бала еңбегін пайдалануды тоқтатуға айрықша басымдық берілді.
Халықаралық балаларды қорғау күні Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Эстония, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Өзбекстан сияқты елдерде, көбінесе бұрынғы Кеңес одағының құрамында болған мемлекеттерде атап өтеді. Германияда балалар күні Kindertag деп аталады. 1950 жылдан бастап тойланатын бұл мерекені неміс балалары асыға күтеді. Бұл күні балалар ата-аналарынан құттықтау естіп, сыйлықтар алады. Сонымен қатар, экскурсияларға, мектептегі арнайы іс-шараларға қатысады. Қытайда 1 маусым күні эксклюзивтік спектакльдер ұйымдастырылады және бірнеше туристік бағыттар, мейрамханалар мен кинотеатрлар тарапынан балаларға жеңілдіктер жасалады. Мерекеге орай ересектерге, соның ішінде үкіметтік мекемелерде жұмыс істейтіндерге балаларымен көбірек уақыт өткізу үшін демалыс беріледі. Вьетнам балалары бұл күні ойын ойнап, хайуанаттар бағына барады. Кейбір ата-ана балаларын сүйікті мейрамханасына апарып тамақтандырады. Балалар мектептерде өтетін арнайы ән мен би шоуларына да қатысады. Оқу жылын үздік аяқтаған оқушыларға мұғалімдері сыйлық беріп, марапаттайды. Польшада халықаралық балаларды қорғау күні ерекше күн болып саналады. Мектептерде спорттық ойындардан тұратын арнайы іс-шаралар жоспарланады. Ата-аналар балаларымен көбірек уақыт өткізіп, сүйікті тағамдарын дайындайды немесе ойыншықтар, тәттілер сыйлайды. Балалар күнінде поляк отбасылары табиғат аясында тамаша демалыс ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Бұл мереке Қазақстанда да жоғары деңгейде тойланады. Еліміздегі барлық ата-аналар да бұл күні балаларымен бірге отбасылық серуенге шығып, бүлдіршіндерге ойыншықтар, тәттілер сыйлайды. Себебі, бала – артта қалар із.
«Құлан таңы» ақпарат.