Бір уыс тары (Эссе)

115 Views

Таңқұрым болғанымен, әлі даланың қараңғы кезі. Қыс мезгілі болғандықтан аспан баяу бозарып, күннің көзі әлсін-әлсін шапақ атады. Таң ата қоймаған соң ойын баласының әдеті ғой, Ербол жылы төсекті қимай тәтті ұйқыда жатыр. Әжесінің тұр-тұрлаған даусы мазасын қашырса да ұйқы бойын талықсытып әкете берді.
– Қазір әже, тұрамын, – деді де орнынан денесін мәжбүрлеп көтергендей болды. Жастыққа басын қайта тигізгісі кеп барады. Осы сәтте әжесінің саңқ еткен даусы тағы да естілді.
Әжесі Ербол жатқан бөлменің есігін ашып қарағанда ол төсектің жақтауына сүйенген күйде, басы салбырап ұйқылы ояу отырған еді. Әжесімен бірге ауызғы бөлмеде тұтанып жатқан отынның иісі қоса кірді. Бөлменің іші әлі де жыли қоймаған. Ұйқылы ояу отырған Ербол денесінің салқындап, тітіркеніп қалғанын сезді де, тездетіп киіне бастады. Киініп жатып «жалқауланба» деп атасының бұған айтатын сөзін өз-өзіне қайталап қояды.
Жаңа ғана салған болуы керек, жаз бойы атасы екеуі бумалап дайындаған шыбықтары қазақы пеште шатырлап жанып жатыр. Пештің бетіндегі жарықшадан қабырғаға оттың жарығы түсіп тұр. Ал, желке тұсында Ерболдың ғана етігі тұр.
«Жарығым, әжем. Сенің маған берер жылуың мына пештің жылуынан да жып-жылы ғой» деді ол ішінен әжесіне елжіреп. Асығыс үстіне жағалы тонды іле салды да сыртқа шығып, жегулі тұрған атарбаға отырды.
Күрең жылқыға жегілген үлкен шана қалың қардың бетінде жеп-жеңіл жүріспен зымарып келеді. Таң бозарып айнала анық көріне бастағанымен, күн көкке көтеріле қоймаған. Күннің көзі төбеден сығалап, сәулесі түскен төбені жалт-жұлт еткізеді. Түнімен тоқтаусыз қылаңдап жауған қар, бүкіл мына таудағы даланы үлбіреген үлпекке орап тастаған. Ауылдан ілесе шыққан сары ит тұмсығын қарға сүңгітіп жіберіп, біресе артта қалып, лезде арбаны қуып жетіп, кейде алдыға түсіп алып, құтырына ойнап келеді. Қар жаңа жауып, аязға ұрына қоймағандықтан, ұлпа қарды оңды-солды тұмсығымен шашып келе жатқан мына иттің әрекетін Ербол қызық көріп отыр.
Қыстың таудағы көрінісін тамашалап келе жатқан Ербол атасының жылқының жүрісін тежей бергенін аңғарды. Ақ қарды жамылған үлкен таудың етегіне орналасқан кішкене ғана ақшам үйді көрді. Үй ішіне жайғасып отырғаны сол еді, бөтен кісінің зілді даусын естіді. Жарықша үнді ер адамның булығып:
– Жасым болса жетпіске кеп қалғаны мынау, өмір мені де аяған жоқ. Сен қандай қиындық көрсең, мен де соны көрдім. Күнәсін арқалаған әкем соғыстан оралмады. Енді неге мені сырт айналып, жазалайсың, – деген сөздерін естіген Ербол, келген кісіні білмекке босағаға жақындай түсті.
– Көз алдымда болған сол жағдайға сені жазғырмаймын. Артымнан ілескен қозыдай бауырымның өлімі көз алдымнан кеткен емес. Туған інісінің ұлын ойланбастан өлтірген атаның ұрпағымен емен-жарқын араласа алмаймын. Мені қуанышыңа шақырып, қолқалама. Осы жерден қайт, – деп кесіп айтқан атасының даусы қайырымсыз, зілді естілгендей болды. Осыдан кейін әлгі кісі басын төмен салып қайтып кетті. Атасының жанына жақын келіп отырған Ербол бірінші рет оның жанарынан жасты көрді. Көзінің айналасындағы терең әжімнің қыртысына әлгі тамшы жас сіңіп кетті. Атасы сол көз жасты немересіне аңғартпағандай кейіп жасады да, немересінің маңдайынан сипады.
Есейе келе сол жағдайдың анық-қанығын ұғынған Ербол екі қарттың бір-біріне деген өкпе-ренішінің тарихы тым тереңде екенін ұқты. Өткен жағдайға олардың ешқайсысы кінәлі де емес еді. Сұм саясат сол кезде адамдарға не істетпеді десеңші.
Ашаршылық жылдары ілдәләп күн көріс етіп жатқан көршілес бір туған ағайындылардың балалары екі үйге кіріп-шығып жүретін-ді. Сол күні үнемдеп жеп жүрген тарының соңғысы дастарханға қойылған екен. Басқа балаларға қарағанда пысықтау келген інісінің ұлы кеседегі тарыны шаша-төге аузына құя салып, ұртында шайнап тұрған жерінде шүйдесінен әлдекімнің кесеуді қойып кеп қалғанын аңғармай да қалады. Аузындағы тары шашылып, қызыл қанға боялған бала тіл қатпастан қайтыс болған екен. Өз балалары тарыдан құр қалғанына ашуланған әке інісінің ұлын өлтіріп қойғанына қанша өкінсе де, сол әрекетке не себепті барғанын өзі де түсінбей ақтала да алмады. Ағайынды екі үйдің балалары көз алдында болған бұл оқиғаны қарттық жасқа келгенше ұмыта алмаған екен. 

Гүлжан Ниязқұлова.

Поделиться ссылкой: