Үшжақты комиссия отырысы өтті
Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында әлеуметтік әріптестік пен еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтті. Отырысқа үшжақты комиссия мүшелері, ауыл әкімдері мен кәсіпорын басшылары қатысып, күн тәртібіндегі 2 мәселе қаралды.
Аудандық орталық ауруханасының кәсіподақ төрайымы Шынар Сәрсенқұлова 2023 жылы атқарылған жұмыстары мен 2024 жылға жоспары туралы баяндады.
Баяндамашыға комиссия төрағасы Ернар Есіркепов денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің айлық жалақыларының уақтылы төленуі, шалғай жатқан елді мекендердегі медициналық пункттегі қызметкерлердің жағдайы туралы сұрақтар қойып, аталған бағыттағы шаралар мүдделі ұйым тарапынан тұрақты бақылауға алынуы қажеттігін ескертті. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық орталық аурухананың еңбекті қорғау инспекторы Саягүл Абдрахманова еңбек қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздігінің жағдайы туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, отырыс барысында жалақы бойынша берешекті өтеу шаралары туралы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің директоры Сұлтан Скендиров аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап, даму перспективалары туралы айтты.
Жиын соңында комиссия төрағасы басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер аясында талқылау жүргізіп, еңбек жағдайларының ахуалы тұрақты түрде қатаң бақылауда болуы қажеттін ескертті.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.