133 Views
Газетіміздің соңғы нөмірлерінде балабақшаларда өтіп жатқан іс-шараларды мейлінше араға көп уақыт салмай, сіздердің назарларыңызға ұсынып келеміз. Ондағы мақсатымыз біреу-ақ. «Театр киім ілгіштен басталатыны» секілді бала тәрбиелеу ісі де балабақшадан бастау алатыны анық. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде де «Балауса» бөбекжай-бақшасында «Ұлттық тәрбие негізі – балабақшада» деген тақырыпта өткен іс-шараны жазып, оқырманмен бөлісуді жөн санадық.
Дәл осы іс-шараға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Түзел Алагөзова және аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Жалпы, аудандық аналар кеңесі көптеген іс-шаралар өткізіп жүр. Аталмыш кеңес мүшелерінің көздегені де ұлтжанды, парасатты, өз елін құрмет тұтатын ұрпақ тәрбиелеу.
Құралай Серікқызы басшылық ететін «Балауса» бөбекжай-бақшасының ұжымы бұл іс-шараға тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Оның айқын дәлелін мына газет бетіндегі суреттерден аңғарсаңыздар болады. Бұл бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушілері де өте алғыр. Бұның бәрі әрине аталмыш балабақшадағы тәрбиешілердің өз жұмысына құрметтеп қарап, бала тәрбиелеу ісіне ерекше көңіл бөлгендігінің арқасы деп білеміз.
Бүлдіршіндер ән де айтты, би де биледі. Балабақша ұжымында да бесаспап жандар бар екен. Яғни, олар өздері ансамбль құрып, келген қонақтарға халық әнін орындап берді. Осылайша керемет іс-шараның куәсі болдық. Шара соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы іс-шараның жоғары деңгейде өткендігін атап өтті. Ал, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы қазақы дәстүрмен ақ батасын беріп, балабақша ұжымына алғыс білдірді.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: