Қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселе лезде өз шешімін тапты

128 Views

Өткен жұмада «Аманат» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының ғимаратында аудан әкімі Ернар Есіркепов қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға жазылған тұрғындар баспана, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер секілді сұрақтарымен қайырылды. Қоғамдық қабылдауға жазылған тұрғындардың барлығына да аудан басшысы Ернар Серікәліұлы жан-жақты саралап, дәйекті детальдармен жауап берді. Шүкір дейік, біздің ауданда шахмат спортының даму қарқыны өте жақсы деңгейде. Көптеген шахматшыларымыз талай байрақты додаларда атой салып жүр. Айталық, соның бірі деп жас дарын Айару Каипованы айтсақ болады.
Қоғамдық қабылдауда шахмат пен дойбы спортынан құрылған қоғамдық бірлестіктің Тұрар Рысқұлов ауданындағы төрағасы әрі өзі де оқушыларды шахмат ойынына баулып жүрген білікті жаттықтырушы Жандос Адибаев өздерінің жарыс өткізетін ғимараты жоқтығын алға тартып, сауал қойды. Айта кетейік, бұл мәселе лезде сол арада өз шешімін тапты. Яғни, аудан әкімі Ернар Есіркепов «Аманат» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалы ғимаратының екінші қабатындағы Құлан ауылдық округі әкімі аппаратының теңгерімінде тұрған бос екі бөлмені Жандос Адибаев жетекшілік ететін қоғамдық бірлестік мүшелеріне беріп, осындай бастамашыл азаматтарды қолдау қеректігін айтты. Жай айтып қана қоймай, жуық арада осы жерде аудандық деңгейде шахматшылар арасында жарыс өткізуді тапсырды. Дәл осы секілді өзге тұрғындар қойған сауалдарға да тиісті жауаптар айтылды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: