Ана сүтінің артықшылығы көп

121 Views

Ана сүті – балаға арналған тағам ғана емес, сонымен қатар әр баланың қажеттіліктеріне қарай түрлі аурулардың алдын алуға қауқарлы қорғаныс. Ему кезінде баланың бүкіл ағзасы жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі. Алғашқы сүт немесе ақуыз нәрестені аурулардан қорғайтын иммунитет қалыптастырады, нәресте миының дұрыс дамуына, инфекциялардан қорғауға ықпал етеді.

Уыз құрамында сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті дәрумендер көптеп кездеседі. Нәресте өскен сайын оның қажеттілігіне қарай әр әйелде ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жататыны осыдан. Сол себептен ана сүті – нәрестенің дұрыс өсуінің негізі. Ал, тиімділік жағына келсек, ана сүті қашанда қасыңызда, ылғи да тұтынуға дайын, арнайы әзірлеуді қажет етпейді. Бірнеше күн анасы емізбесе сүті де көкіректе не ашып, не бұзылып кетпейді. Оны еш жерден сатып алмайсыз, ол тек сіздің балаңызға ғана арналған. Ішек, жұқпалы ауруларының алдын алады. Респираторлық-жұқпалы дерттерден қорғап, аллергиялық ауруларды балаға жуытпайды. Сәбидің физикалық өсуін дамытады. Нәрестенің сана-сезімін жетілдіреді және жүйке-психикасын дамытады. Диабет және семіздік ауруына шалдығу қаупін төмендетеді. Сәбиін емізетін аналарға да омырау сүтінің тигізер пайдасы орасан. Мысалы, баласын өз сүтімен қоректендіретін аналар босанғаннан кейінгі күйзеліске сирек шалдығады. Онымен қоса, аналық без, сүт безі обырының даму қаупін төмендетеді, босанғаннан кейін ананың салмағын азайтуға ықпал етеді. Ол сүт безінің қатерлі ісігіне шалдығу қаупін 10, жатырдың қатерлі ісігіне шалдығуын 2 есеге төмендетеді. Психологтардың айтуынша, емізу кезінде шешесінің бар жан-тәнімен сәбиді көкірегіне қысуы, аймалауы, өбектеуі, сөйлеуі, еміренуі, мейірленуі, маңдайынан иіскеуі, сылап-сипап, ерекелетуі арқылы бала мен ана арасындағы ұзақ жылдарға жалғасатын өзара сүйіспеншілік, махаббат, қимастық сезімдері қалыптасады. Баланың физикалық, әлеуметтік, психологиялық, рухани жан дүниесі толысады. Ал сүт қоспаларымен қоректендіргенде мұндай жылы сезімдер болмайды. Ана сүтін емген балалар тез тіл табысқыш, адамға жұғымды болып өседі. 1997 жылдан бастап Қазақстанда омырау сүтімен емізуді қорғау, ынталандыру және қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат облыстық перинаталдық орталықта үздіксіз жүргізілуде. Барлық аналарға «Омыраумен емізу арқылы күн сайын балаңыздың иммунитетін арттырыңыз! Балаңызды өзіңіз емізіңіз!» деген кеңес береміз.  

А.ТАУРБЕКОВА,
жалпы тәжірибелік дәрігер.

Поделиться ссылкой: