МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА 2 МЕДПУНКТ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

837 Views

Қазақстан Реcпубликасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында аудан орталығынан шалғай орналасқан Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолақ-Қайыңды елдімекенінің тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі, қараша айының соңғы аптасында аталмыш ауылда жаңа фельдшерлік амбулатория пункті пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған жаңа нысанның құрылысын шолаққайыңдылықтар ұзақ жылдан бері күтіп келеді екен. Бұны Тереңөзек ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Умугулсун Искакованың аузынан естідік. «Бүгін міне, Шолақ-Қайыңды ауылында сіз бен біз көптен аңсаған қуанышқа ортақтасып отырмыз. Елдімекенге жаңа медпункт салу мәселесі осыдан 10 жыл бұрын көтерілген еді. Өзіңіз куә болғандай, биыл жұрттың тілегі орындалып, еліміздің Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жаңа ғимараттың табалдырығын аттағалы отырмыз» дейді ол. Медпунктің салтанатты ашылу рәсіміне Тереңөзек ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Жолдасбек Қайнарбаев пен зейнеткер ұстаз Бейшеналы Қалмырзаев қатысып, жаңа нысанның лентасын қиды.

Дәл осындай шаттыққа толы қуанышты жайт Қарақат ауылында да орын алды. Осынау жаңалық жаршысына аудандық қоғамдық Кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев та ортақтасып, жергілікті жұртшылықты арнайы барып құттықтады. Қарақат ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Үмбет Жанәділов 3 жылдан бері осы мәселенің сөз болып келе жатқандығын айтады. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз алғысым зор. Өйткені, Елбасымыз өзінің 5 қазандағы ел халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Медициналық қызметтің сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болуға тиіс» деген болатын. Елбасы тапсырмасын діттеген уақытында орындаған аудан әкімі Асқар Қырықбаевқа, ауылымызда жаңа медпунктің салынуына қаржылай қолдау көрсеткен «Ремстрой-SS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Макручин Иван Евгеньевичке де мақтау сөздер айтсақ жарасады. Өз басым бұл азаматтарды елдің болашағы үшін қызмет атқарып жүр деп есептеймін» дейді ақсақал бізге берген сұхбатында.

Айта кетейік, салтанатты шара соңында Шорабек Атабайұлы мен Үмбет Жанәділов Қарақат ауылдық фельдшерлік амбулатория пунктінің лентасын қиып, медбике Баян Телғараеваға жаңа нысанның «Символикалық кілтін» табыс етті.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: