Айбынды әскер – ел қорғаны

144 Views

Осыдан отыз екі жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда Президенттің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылғаны белгілі. Содан бері де, міне, ширек ғасырдан аса уақыт өте шығыпты. Қазіргі таңда Қарулы Күште­ріміздің сапасы мен салмағы артып, қай бағытта болсын жан-жақты дамып, барлық қырынан сақадай-сай әзірлікке қол жеткізілді. Өңірімізде қарулы күштер саласында талай батырлар, генералдар шыққаны белгілі. Бүгінде біз өңіріміздің даңқты батыры Бауыржан Момышұлымен, сондай-ақ, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевпен мақтанамыз. Осындай тұлғалардың жолын қуып офицер болуға, жоғары әскери оқу орнына түсуге құлшыныс танытқан жастар еліміздің болашағы мен қорғаныс күштеріне өзіндік үлесін қосып, жоғары деңгейлерге жететіні анық. Жігері, рухы мықты жауынгер қай кезде болса да жеңіске жете білген. Біз рухты жауынгерді әскери салада жүрген кезден емес, мектеп қабырғасынан, тіпті мектепке дейінгі білім беруден бастауымыз керек. «Білектің күшімен, найзаның ұшымен» мына ұлан байтақ жерді қорғап қалған кешегі батыр бабаларымыз дала мектебінен тәрбие алған. Аңыз-әңгімелерді тыңдап өскен көкірегі рухқа толы жастарымыз ғана батыр болып өседі.
Ерлік аспаннан түспейді. Ол Отанды сүюден басталады. Өз отбасын сыйлап құрметтеген адам халқының да қадіріне жетеді.
Елін сүйген – ер атанады. Қазақта «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ер бір өледі, ез мың өледі» деген өсиет сөздер бар. Өз ұлтын, жерін сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. Отанын сүйген азамат қана елін асқар мұрат­тар­ға жетелемек. Патриотизмнің қайнар бастауы да осылар.
Бір қызығы, қоғамдағы әскери салаға қатысты теріс пікір қалыптастырып отырғандардың көбі әскери борышын өтемегендер екен. Шындығында, көптің айтқанын құп көретіндер кабинетте отырып-ақ сарбаз дайындығы жайлы жазбалардың ара-жігін ажыратып жатпайды. Алайда, егемен еліміздің сенімді қалқаны болар қуатты армия­мыздың әлеуетін көзбен көрмей, әскери­лердің дайындығы туралы дәлелсіз дүние айту – қате тұжырым болар еді. Бір қынжылтатыны, қазір әскер қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге өздігінен сұранатындар аз. Бозбалалардың көбі Отан алдындағы борышын өтегеннен гөрі, ерте еңбекке араласып, ақша табуды мақсат тұтады. Ата-аналары да қолдан келсе ұлдарын әскерге жібермеудің қамын жасап, балаларының бұл шешімін құптайды. Тепсе темір үзетін, дені сау 18 бен 27 жас аралығындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Ел Конституциясында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті борышы және міндеті» делінген. Заңда айтылғандай, Қазақстанның әрбір азаматы ұлтына, нәсіліне, дініне қарамастан Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға міндетті. Өз елін қорғауға рухы мықты, қайсар мінезді азаматтар ғана лайық. Сондықтан ер азаматтарымыз осындай адами қасиетке ие болып, ел күзетінде қырағылық танытып, әскери борышын өтеуге шақырамын.
Қорыта айтқанда, қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – тәуелсіз Қа­зақстан. Осынау туған елімізді көздің қара­шығындай қорғап, оны шексіз сүю әр азаматымыздың міндеті және пер­­зенттік борышы. Ел тыныштығын қамтамасыз ету – отансүйгіштіктің нағыз белгісі. Отанымызды күзету – үл­кен абырой, асқан жауапкершіліктен тұраты­нын үнемі есте ұстауымыз қажет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Данияр Кәдірбек,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы»
КММ-нің Ақбұлақ ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі инспекторы.

Поделиться ссылкой: