Үздік оқытушылар марапатталды

149 Views

Жуырда Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығы мен аудандық бөлімшелердің қазақ тілі оқытушыларының қатысуымен облыстық байқау өтті.

Дәстүрлі байқаудың мақсаты – Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының халқына сіңірген қызметін, тіл мен әдебиетті, әдістемені зерттеуге арналған еңбектерін насихаттай отырып, мемлекеттік тілді оқытатын оқытушылар мен әдіскерлердің білімін толықтыру, сонымен қатар оларды ынталандыру. Оқытушылар ереже талаптарына сай «Қазақ тілі сабағында заманауи технологияларды тиімді пайдалану» тақырыбында сабақ презентациясын жасап, ұяшықтарды таңдау арқылы әдіснама мен әдіске қатысты сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар, В2 деңгейінің тыңдаушыларына сөйлеу әрекетінің 4 түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) тапсырмаларды орындата отырып, сабақ өткізді.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Қордай ауданынан келген Фарида Кенжебекова, I орынды Т.Рысқұлов ауданынан Жібек Қожабекова, II орынды Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Назира Ұзақбай және III орынды Жамбыл ауданынан Әсел Көшкінбаева мен Жуалы ауданынан Жансая Андасбек иеленді. Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: