іскер Төле
Қазақстан 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізу арқылы әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көрінуді мақсат тұтады. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға барынша көңіл бөле отырып экономиканы тұрақтандырудың негізгі тетігін қалыптастырады. Осы орайда отандық бизнес өкілдерін, оның ішінде жас кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау маңызды. Аудан бойынша 14 пен 35 жас аралығында 20 мыңға жуық жас азамат бар.
Кәсіпті бастау қашанда оңай, бірақ ары қарай дұрыстап игеріп әкету қиын. Кей адамдар кәсіп бастау дегенді жеке кәсіпкер ретінде немесе заңды тұлға ретінде тіркелу деп қана түсінеді. Кәсіпті жүргізуде жүйелі көзқарас керек. Ең алдымен кәсіпкер немен айналысқысы келетінін анықтап, осы бағытта өзінің алдына қойған мақсатын нақтылап, сол мақсаттарына қол жеткізу үшін еңбектенуі қажет.
Қазіргі таңда Жаңатұрмыс ауылында жас кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Солардың қатарында Құлбарақ Төле есімді жас кәсіпкеріміз де бар. Мақсатына жету үшін білек сыбана кіріскен жас кәсіпкер еліміздің экономикасының өрісті дамуына өз үлесін қосқысы келеді.
Төле Қадырбекұлы Жаңатұрмыс ауылының тумасы. 1993 жылдың 20 қарашасында дүниеге келген. Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебінде білім алып, 2009-2012 жылдар аралығында Алматы Заң колледжінде орта білімін жалғастырған. 2013-2017 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы университетте білім алып, 2017-2023 жылдары «Құлбарақ» шаруа қожалығында механизатор қызметімен еңбек жолын бастаған. 2022 жылы 18 сәуірде III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. 2023 жылдың қазан айында «Қамқор.Табыс» СПК-ның төрағасы болып тағайындалып, егін шаруашылығын басты кәсіп ретінде қолға алды. Төле Қадырбекұлы қазіргі таңда он адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауылымыздың өркендеуіне өз үлесін қосумен қатар, ауылдағы көпбалалы отбасыларға өз демеушілігімен азық-түлік себеттерін таратып, ерікті жастарға үлгі болды.
Ерлан Аманбек,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Жаңатұрмыс ауылдық округі бойынша
жастар ісі жөніндегі инспекторы.