Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Республика аумағында Ұлттық бірыңғай тестілеудің жүріп жатқанына да 3 аптадан асты. Жуырда республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде мақала жарық көрді. Әзірге ҰБТ-да ең жоғары көрсеткішке ие болып отырған – Айдос Қожанов есімді (Түркістан облысы, Кентау қаласы) жас түлек. Ол ҰБТ-дан 138 бал жинаған.
Ал енді көпшіліктің көкейінде «Біздің ауданның мектеп бітіруші түлектері қандай нәтиже көрсетіп жатыр?»
деген сауал туындауы бек мүмкін. Өткен аптада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің
«Рухани жаңғыру» жобалық офисінде аудан әкімі
Ернар Есіркеповтің қатысуымен 2023-2024 жылғы мектеп бітіруші түлектерге «Алтын белгі» төсбелгісін табыстау рәсімі өткен болатын. Біз сол іс-шараға қатыстық. Сонда сөз сөйлеген Жақсылық Назым есімді жас түлек ҰБТ-дан 133 бал жинағанын естідік.
Назым Жақсылық аудан орталығындағы бірегей білім ошақтарының бірі Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте оқыған. Көптеген аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі болған кезі көп. Назымның өзімен де азды-кем әңгімелестік. Ол «Алматы қаласындағы 90 жылдық тарихы бар еліміздегі ең таңдаулы университеттердің алдыңғы шебінде тұрған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түскісі келетінін» айтты.
Жалпы биыл ауданымызда 11 сыныпты 759 оқушы бітірді. Оның 23-і «Алтын белгі» төсбелгісіне, 50-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
Осы шағын ғана мақаламызға деталь болсын деп аудандық білім бөлімінен де мәлімет алған едік. Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің түлегі Назым Жақсылықтың 133 бал жинағанын жаздық. Одан бөлек, Ұлттық бірыңғай тестілеуден №4 шағын орталықты орта мектебінің түлегі Назым Әмірбек 129 бал, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің түлегі Жанкелді Байкей 117 бал, Жамбыл атындағы орта мектептің түлектері Ардақ Әміреқұл 122 бал, Анель Асқар 105 иеленсе, «Үздік аттестатқа» үміткер Болтай батыр атындағы орта мектептің түлегі Ақерке Қуатбек 115 бал, Максим Горький атындағы орта мектептің түлегі Темірлан Бигелді 121 бал жинаған екен.
Бет қатталып жатқанда: Газетіміз дүйсенбі күні беттелетінін жақсы білесіздер. Яғни, газет баспаға жіберілмей жатып тағы да бір жағымды жаңалықты естідік. Өзіне берілген алғашқы мүмкіндігінде 117 бал жинаған Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің түлегі Жанкелді Байкей екінші қайтара тапсырып, нәтижесінде 133 бал жинапты. Жанкелді Байкей де көптеген облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері екенін білеміз. Тіпті, біз оның еліміздегі университеттердің бірінен грант жеңіп алғанын да жазғанбыз.
Біз Жанкелдімен ұялы телефон арқылы сөйлестік. «Мен ҰБТ-дан 133 бал алғаныма өте ризамын. Бұйыртса, Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирель атындағы университеттің Ақпараттық технологиялар факультетіне құжат тапсыруға ниеттеніп отырмын. Жоғары оқу орнын да үздік көрсеткішпен тәмамдап, елімнің мүддесіне қызмет еткім келеді» дейді жас түлек Жанкелді Байкей.
ҰБТ әлі де жалғасады. 23 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне, 50 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер екенін де жаздық. Яғни «жоғары бал еншілейді» деп сеніп отырған түлектер тағы да бар.
Марат Диханбай.