Жеңістің есімі – ел есінде

144 Views

Аудан орталығы болып есеп­телетін Құлан ауылында Жеңіс Үмбетұлы көшесі бар. Үлкен кісілер көшенің не себепті олай аталуын білетін болар. Ал, жастар жағы шынын айту керек, білмеуі де мүмкін. «Оқысын, білсін» деген ниетпен Жеңіс Үмбетұлының шағын ғана автобиографиясын жазсақ дейміз. Тақырыпқа тұздық:
Жеңіс Үмбетұлы 1969 жылы Қарақат ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол бала кезінен өжет әрі еңбекқор болып өсті. Жоғары оқуды да ойдағыдай тәмамдаған. Жалпы, аға буын өкілдерінің көбісі әскер қатарында болғанын біз жақсы білеміз. Жеңіс Үмбетұлы да сол кездегі тәртіп бойынша әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын абыроймен өтеп келген. 1995 жылы Луговой станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшесінің жедел уәкілі болып қызметке орныққан Жеңіс Үмбетұлы өзінің қызметіне асқан жауапкершілікпен қарап, жұмысына адал болған. Әдебиетте «Шын таланттардың тағдыры қысқа болады» деген ұғым бар. Жеңіс Үмбетұлы 1996 жылдың 16 қыркүйегінде қызмет бабында жүріп, қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапқан. 1990-шы жылдары сондай бір алмағайып заманды бастан өткерді ғой біздің халық. Есірткі бизнесімен айналысатындардың да «дәурені» жүріп тұрған шақ. Мінеки, Жеңіс Үмбетұлы сондай арамза пиғылды топтың заңсыз ісіне тосқауыл жасап, өзінің азаматтық антын бұзбай, қызметтік бабында ерлікпен қаза тапқан күрескер азамат болған. Осы ерлігі үшін Жеңіс Үмбетұлына сол заматта Президенттің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі берілген болатын. Кейіннен Жеңіс Үмбетұлының көрсеткен ерен ерлігін аудандық атқарушы билік өкілдері де бағалап, оның есіміне арнап көше атауын берді. Құландағы Жеңіс Үмбетұлы деген көше атауының қысқаша тарихы осындай.
Жеңіс Үмбетұлының есімін жасөспірімдер мен жастар арасында насихаттау мақсатында ауданда жыл сайын демей-ақ қояйық, араға бір-екі жыл салып, спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Әрине, оның басы-қасында марқұм болған күрескер азаматтың әкесі, Қарақат ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Үмбет Жанаділов жүргенін айта кеткеніміз абзал.
Жуырда аудан әкімдігінің, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің, Түрксіб станциясы желілік полиция бөлімінің басшылығы және Жанаділов Үмбет ақсақалдың ұл-қыздарының ұйымдастыруымен «Бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бокстан Жеңіс Үмбетұлын еске алуға арналған облыстық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық мәслихат депутаты Талғат Таттықожаев қатысып, сөз сөйледі.
3 күнге созылған облыстық турнир өте тартысқа толы болды. Турнирге қатысуға аймақтың 10 ауданынан жас спортшылар келді. Және олар әр түрлі салмақ категориясы бойынша өзара мықтыны анықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің де есімдері белгілі болды.
Жарыс қорытындысы бойынша Байзақ ауданынан келген жас спортшылар жүлделі үшінші орынға ие болды, жүлделі екінші орынды Шу ауданынан келген жас боксшылар иеленсе, Тұрар Рысқұлов ауданының жас өрендері жалпы қомандалық есепте жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Әр салмақта топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы мақтау грамоталарымен бірге бағалы сыйлықтар табысталды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: