Әке – асқар тау, биік шың
Әке – отбасының тірегі, әрбір жанның үлгі тұтар тұлғасы, жанұяның қорғаны, құрмет пен берекенің бастауы. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген мерекелік күндердің тізбесіне маусым айының үшінші жексенбісі – Әкелер күні болып енгізілді. Бұл мерекені атап өтудегі басты мақсат – еліміздегі отбасылық құндылықтарды ілгерілетіп, отбасындағы әкенің рөлін айшықтап көрсету.
Атаулы күнге орай, өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Әке – асқар тау, биік шың» деп аталатын форум өтті. Аталмыш форумға аудан әкімі Ернар Серікәліұлы, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбай және бірқатар ардагер әкелер қатысты.
Форумның ашылуында аудан әкімі Ернар Есіркепов: «Баршаңызды республикалық деңгейде алғаш рет тойланып жатқан Әкелер күнімен құттықтаймын! Бұл мереке отбасы құндылығын нығайтып, әкелерімізді құрметтеуге септігін тигізері сөзсіз. Қай заманда болмасын, бала тәрбиесінің мәселесі назардан тыс қалмаған. Өскелең ұрпақ байлығымыз болса, ал ең асылы оның тәрбиесі екені рас. Болмысынан бекзат, тумысынан текті халықтың ұрпағы ретінде, ата салт-дәстүрмен сусындаған, осы ұлттың тәрбиесімен жетіліп, туған тілімен санасы оянған өскелең ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударуымыз қажет» – деп сөз сөйлеп, барша әкелерді мерекелерімен құттықтады.
Сондай-ақ, әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов аудандағы балаларды рухани-мәдени тәрбиелеу, білімге ынталандыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы баяндады. Форумға қатысушылар отбасы құндылықтарын насихаттау бағытындағы іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы керектігі туралы өз пікірлерін жеткізді.
Форум аясында отбасында ғылыми, мәдени, спорттық, шығармашылық жетістіктерге жетіп жүрген балаларды тәрбиелеп отырған әкелер, қайырымдылық және қоғамға пайдалы шаралармен айналысып жүрген ер азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар форумда көрермендерге қолөнер бұйымдарының көрмесі мен ат әбзелдері таныстырылды. Ағаш ұсталары жастарға өз кәсіптерінің қыр-сырымен бөлісті. Форум барысында мәдениет үйі қызметкерлерінің орындауында әсем әндер шырқалып, әкелік тәрбие тағылымын көрсететін көріністер көрермендер назарына ұсынылды. Форум соңында барша қатысушылар естелік фотоға түсті.
Гүлнұр АМАНЖОЛ.