168 Views
Журналистикада еңбек ете жүріп, талай жақсы адамдармен пікірлестім. Сөйлестім. Солардың өмір жолынан өзіме рухани сабақтастық алдым десем болады. Жеке басын ойлап, пайдасы іске асқан соң, түк білмегендей кейіп танытатын «пенделер» де кезікпеді емес, көрдік ондайларды да. Кө-ө-ө-ө-өө-ө-ө-ө-өөө-өөө-пп ондайлар! Дегенмен, кімге ренжисің. Тірі жүрсең, барлығында көресің. Өйткені өмірдің заңдылығы солай. Жақында Жақсылық ауылында ұлағатты ұстаздық қызметте еңбек етіп, 45 жасында өмірден озған Есболов Қанат Әмірқұлұлын еске алуға арналған 45 жастан жоғары ерлер арасында кіші футболдан аудандық жарыс өтті. Жарысты Қанат Есболовтың туған бауырлары ұйымдастырды. Жарысқа «Бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығы» КММ-нің директоры Жанат Бағылбеков, ауыл ақсақалдары, Қанат Есболовтың құрдастары, туған-туыс бауырлары қатысып, сөз сөйледі.
Жұрт бір адамдар туралы әңгіме қозғай қалсаң, ол туралы жақсы пікір айтпауы мүмкін. «Бүйткен, сөйткен» деп әйтеуір бір әңгіменің шетін шығаратыны белгілі. Оны әсіресе журналистикада қызмет істеп жүрген әріптестер жақсы білсе керек-ті. Менің риза болғаным, Есболов Қанат Әмірқұлұлының адамгершілік болмысы туралы жарысқа келген Жақсылық ауылының тұрғындарынан сұрағанымызда: «Бәрі де Қанат Есболовтың азаматтық ұстанымы мен адами болмысына жаман пікір айтқан жоқ». Әсіресе, «Жұрт оны ауылымыздың Пелесі» дейтін деген сөз жазар мақаламызға тақырып болып жараса кетті. Тірі болғанда биыл Қанат Есболов 60 жасқа толар еді. Амал нешік! Ол 45 жасында бақи дүниеге аттанып кете барды. Дегенмен, марқұмның артында оның есімін ұлықтайтын Сүйітбек, Алтынхан, Ділдахан, Ділмұқан, Ділмұрат есімді бауырлары бар. Мінеки, осы жарысты ұйымдастырғанда солар. Мақсат – Қанат Есболовтың есімін жастар арасында насихаттап, футбол ойнап жүрген 45 жастан асқан ерлер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.
Жарысқа 8 команда қатысты. Жалпы, футбол әлемде №1 спорт болғандықтан, оған қызықпайтын адам кемде-кем. 45 жастан асқан аға буын өкілдері де ала допты тәп-тәуір теуіп қояды екен. Оған осы жарыста көзім жетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынға Жақсылық ауылының командасы ие болды. Жүлделі екінші орынды Құлан ауылының командасы еншілесе, жүлделі бірінші орынды Тереңөзек ауылының командасы жеңіп алды. Айдар Тегешов, Арман Бисенов, Қанат Қорабаев, Қанат Түзелбаев, Саламат Қорабаев, Ералы Сағыналиев, Манарбек Тұрманбетов жарыстың «Үздік ойыншы» номинациясына ие болса, «Үздік қақпашы» номинациясын Еркебек Абдикаримов пен Мұқан Ибраймов иеленді. Жеңімпаз бен жүлдегер атанған командаларға арнайы мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Марат Жолдасбекұлы.
Поделиться ссылкой: