Айдын антына адал азамат

157 Views

Бір адамдарға жоғары лауазымды қызмет бірден беріледі. Әлбетте, ондайлар көбіне-көп «байдың» балаларында кезігеді. Қарапайым отбасында дүниеге келген азаматқа ондай дәреже қайдан беріле қойсын. Ал, кейбір адамдар қызметте еселі еңбек етіп, іскерлігіне қарай сатылай өседі. Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Мамытбеков Айдын Қанатұлы да өзінің жұмысына деген зор жауапкершілігінің арқасында осы қызметке сатылай көтерілген. Ол осы саладағы жұмысын 2012 жылы Ақмола облысы, Бурабай аудандық полиция бөлімінен бастаған. 2013 жылы осы өңірдің Зеренді аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеген. 2014 жылдан бастап Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімінде өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, жемісті еңбек етіп келеді. Әрине туған жерге келген соң, оған бірден қазіргі атқарып отырған лауазым берілген жоқ. Әлгінде айтқанымыздай, сатылай өсті ол. Яғни 2015-2017 жылдары аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция жұмысының ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы, 2017-2020 жылдары АПБ-нің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастыру жөніндегі аналитикалық тобында инспектор, аға инспектор болып еңбек етті. 2020 жылдан бастап аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы болып жұмыс жасайды.
Полиция майоры Мамытбеков Айдын Қанатұлымен біз үнемі тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Ол бәзбір басшылар секілді журналистерді көрсе, ақпарат беруден жалтармайды. Керісінше, полиция қызметкерлерінің атқарған жұмысын халыққа жеткізетін осы журналистер екенін ол жақсы түсінеді. Сондықтан әркез хал сұрасып, көрген жерде амандасып тұрамыз. Айдын Қанатұлы да өзінің жұмысын беске білетін азамат. Қандай да бір дерек сұрасаңыз, еш мүдірмейді. «Түр жасап алып» та сөйлемейді. Қарапайым. Білімді, білікті, Заңды ғой тегі, көбісін жатқа біледі. Жұрт көбіне-көп полиция қызметкерлерін сынға алып жатады. Құқық қорғау саласында да кішілігі мен адамгершілігі ұштасқан азаматтар бар. Соның бірегейі – полиция майоры Айдын Қанатұлы. Міне, ісіне жауапты, антына адал азамат осындай болса керек-ті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: