Өз ісін жетік меңгерген қызметкер

46 Views

Полиция майоры Гүлжан Изтайқызы аудандық полиция бөлімінде 2005 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Ол осы бөлімде әр жылдары түрлі қызметтер атқарған. Яғни, ол аудандық полиция бөлімінде тергеуші де болған, кәмелетке толмаған жасөспірімдер істері жөніндегі инспектор, әкімшілік практика тобының инспекторы, аға инспекторы да болып қызмет істеген. 2024 жылдан бастап аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы болып еңбек етіп жүр. Оның осы саладағы жалпы еңбек өтілі – 15 жыл.
2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған Гүлжан Изтайқызы бала күнінен полиция қызметкері болуды армандағанын айтты бізге. Яғни, ол бұл қызметке ешбір тамыр-таныссыз, «көке, жәкесіз», өзінің кәсіби білімі деңгейінің жоғарылығының арқасында кірген. «Біз отбасымызда 3 ұл, 6 қызбыз. Ата-анам өте қарапайым кісілер болды. Бізді ол кісілер «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар, үлкенді әрдайым сыйлай біліңдер, егер саған біреу жамандық жасаса да, сендер әрдайым жақсылық жасаңдар» деп тәрбиеледі. Содан да болар, болмысымнан қарапайыммын. Және ата-анамнан алған тәрбиенің тәбәрігін өзімнің де ұл-қызыма шамамыз жеткенше беріп жатырмыз», – дейді полиция майоры. Гүлжан Изтайқызымен біз біраз сөйлестік. Кітапты көп оқитыны, әрдайым ізденісте жүретіні көрініп тұр. Осы күні өршіп тұрған тақырыптың бірі зорлық-зомбылық туралы да сұрадық. Ол оның заңдық күші қандай екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп, айтып берді бізге. Аудандық полиция бөлімінде де алдына келген адамға дұрыс ақпарат айтатын, жүзі жайдары, адаммен адам ұқсап сөйлесе алатын, өз жұмысын жақсы білетін іскер азаматшалар бар екенін Гүлжан Изтайқызымен әңгімелесу барысында көз жеткіздім. Өз жұмысына салғырттықпен қарамай, Гүлжан Изтайқызы секілді барлығында кәсіби тұрғыдан, асқан жауапкершілікпен орындап, дәл осылай еркін сөйлесе білсе, қоғамның да полиция қызметкерлеріне деген түсінігі басқаша қалыптасқан болар еді. Жалғыз полиция емес, әр салада да солай болса шіркін… Ол күнге қашан жетер екенбіз?..

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: