Үйірме – өнер бастауы
Би – өнердің көнеден келе жатқан бай бір түрі, қызықты, сан қырлы, жарқын, эмоциялық әсерге толы жанр. Өткен сейсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйіне қарасты Көкдөнен ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Іңкәр» би үйірмесінің «Үйірме – өнер бастауы» атты жылдық есептік концерті өтті. Концерт Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінде өткізілді. Аталмыш шараға Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев, ауданның құрметті азаматы Тәліпбек Шақбаев және Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің бірқатар қызметкерлері қатысты. «Іңкәр» би үйірмесіне жетекшілік жасап жүрген Жанар Қыдырбайқызы. Концерттің шымылдығын ашқан Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев жиналғандардың барлығына жылы лебізін білдіріп, өнер үйірмесінің мүшелерін, ата-аналарын шын жүректен құттықтады. Бұл үйірме 2018 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Сол жылдардан бастап көптеген аудандық, облыстық жарыстарда өнер көрсетіп жүр. Мерекелік кеш халық билерімен басталды. Көздің жауын алатын сәнді ұлттық нақыштағы костюмдер, әдемі би қимылы, әр элементке баса назар аударып, шеберлікпен орындау биді түрлендіріп, көрермендерін баурап алды. Шара аясында жиналған көрермендер назарына «Өнер көзі – халықта» деп аталатын көрме ұсынылды. Үйірме «Жаңа Нұр», «Еркежан», «Көркем-ай» және «Балапан» сынды топтан құралған бишілерден тұрады. Қысқасы, сейсенбінің шырайлы күнінде осындай әдемі концерттің куәсі болып қайттық.
Гүлнұр Ерказықызы.