Дінмұхамед Қонаев ауылының тұрғындарымен кездесті
Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов Ақниет ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Кездесу Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектебінің ғимаратында өтті. Аталмыш кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы және аудан әкімдігінің бөлім басшылары, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов, аудандық аурухананың басшысы Шындос кершайызұлы қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың №826 Жарлығына сәйкес өткен кездесуде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы аудан аумағында атқарылып жатқан және атқарылуға тиісті ауқымды жұмыстарды тілге тиек етіп, баяндама жасады. Бұл ағымдағы жылы ақниеттіктермен ұйымдастырылып отырған екінші кездесу. Аталған ауылда биылғы жылы бірқатар баянды жобалар іске асырылуда. Соның бірі, Дінмұхамед Қонаев ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысының жүргізіліп жатқандығы. Одан кейінгі мәселе – Бірлік, Бәйтерек көшелеріне жарықшамдар орнатылып, балалар ойын алаңшалары абаттандырылатын болады. Кездесуде тұрғындар тарапынан ауыл тұрмысын жақсартуға қажетті деген ең маңызды мәселелер, өздерін толғандырып жүрген сұрақтар мен сауалдарын ортаға салды. Атап айтсақ, егін шаруашылығы, жергілікті полиция инспекторының жұмысы. Тұрғындарды толғандырған сауалдарға округ әкімі Нұрдос Әбіқұлұлы мен тиісті бөлім басшылары жауап берді. Өз кезегінде сөз алған ауыл ақсақалы, аудан басшысының жұмысына ауылдастар атынан ризашылығын білдіріп, халық артқан сенімді ақтау жолындағы еңбегін жоғары бағалайтындығын жеткізді. Кездесуде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы қойылған сұрақтарға жауап беріп, тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуы, мемлекеттік, өңірлік бағдарламалардың сапалы, уақтылы жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болатынын, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
«Құлан таңы» ақпарат.