Тазалық жұмыстары жүргізілуде
Ауданда қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бүгінде акция аудандағы барлық ауыл округтерде өткізіліп жатыр. Сенбіліктерге
мекеме қызметкерлері,
қоғамдық ұйымдар, ауыл тұрғындары мен еріктілер атсалысуда.
Аудан тұрғындарын көшелер мен елді мекендердегі, су қоймасы жағалауындағы тазалықты сақтауға жұмылдыру ісінде аудан басшысының орынбасарлары мен бөлім басшылары, жергілікті әкімдер мен тұрғындар белсенділік танытып, арнайы бекітілген аумақтарында жұмыстар жүргізеді. Өйткені, қоғамның назарын тұрғылықты жердің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда сенбіліктерді тұрақты түрде ұйымдастырудың маңызы өте зор. Одан бөлек, күнделікті жүргізіліп отырған сенбілік аясында да мемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, ауданның әрбір тұрғыны үй іргелік жерлерін күл-қоқыстардан тазартуда. Сонымен қатар, сенбілік барысында саябақтар мен көшелер, арық-атыздар тазалануда.
Дәл осындай мақсатта өткен сенбіде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен республика көлемінде іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Атқарылған жұмыстар барысында «Дендро» саябағы күл-қоқыстардан тазартылды. Сенбілікте барлығы 300-ден аса бөлім, мекеме қызметкерлері және белсенді ауыл тұрғындары қамтылып, саябақ аумағына тазалау шараларын жүргізді. Одан бөлек, ағаштар кесіліп, қоршаулары сырланып, ретсіз жатқан шөптер шабылды.
Сонымен қатар, аудан тұрғындары тарапынан ауылды тазарту және көгалдандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
Гүлнұр Аманжол.