Құт-береке дарыған, киелі менің – Құланым

330 Views

Ш.Уәлиханов атындағы Жам­был облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қолдауымен «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде Жамбыл облысының 85 жылдығына орай облыс кітапханалары арасында «Туы биік, тұғыры берік – Жамбыл елі» деген тақырыпта өлкетану байқауы өткізілуде.
Осыған орай Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Оқитын Құлан» жобасы аясында «Құт – береке дарыған, киелі менің – Құланым» атты қазыналы керуен кең көлемде ұйымдастырылып өткізілді. Іс-шараға әділқазы алқасының төрайымы, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Абдинова Эльмира Елеусізқызы, белгілі ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Битенова Үміт Қыранқызы, сондай-ақ, жазушы, журналист Әбдиев Ерман Қанжанұлы қатысты.
Аталмыш шара кітапхана қызмет­керлерінің орындауындағы Құлан өңірінен шыққан ақындардың жыр жолдарын оқуымен басталды. Мәде­ниет үйінің қызметкерлері Рысбек Қадырқұлов және Нұрлан Әмірбетов орындауындағы ауданның гимніне айналған «Келші Құланға» әні орын­далды. Сондай-ақ, М.Өзбеков атын­дағы мәдениет үйінің әншісі Жансая Сәрсенбай ақын Қуандық Шолақтың «Тұрар туралы толғауын» домбырамен орындап, кітапхананың тұрақты оқырмандары жергілікті ақын-жазушылардың өлеңдерін жатқа оқыды. Кеш барысында ауданның киелі жерлері туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, Өрнек, Құлан қалашықтары жайында деректі фильм көрермендерге ұсынылды. Одан кейін аңыздың ақиқатқа айналған сезімге толы Көкдөнен жігіт пен Көгершін қыз туралы сахналық қойылым көрерменге жол тартты.
Сонымен қатар белгілі ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Битенова Үміт Қыранқызы жерлестерінің аты­нан көрермендерге алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Кітапхана қыз­мет­кер­лері көкдөнендік сазгер Мэлс Өзбековтың әні мен Төлеген Мұқай­ұлы­ның сөзіне жазылған «Шал тауымда ауылым» атты әнді орындап, «Киелі менің Құланым» әнімен қазыналы ке­руен аяқталды.
Қасиетті де киелі Құлан топырағы өзіндік салт-дәстүрі бар шежірелі өлке. Құлан жұрты ынтымағы жарасқан, бабалар дәстүріне адал, береке-бірлігі берік, көрегенді ұрпақ болып табыла беретініне сенеміз.
А. Искакова,
аудандық кітапхананың кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: