Үйірме – өнер бастауы
Әр халық, әр ұрпақ өз ата-бабаларын ұмытпауға тырысып, олардың өмірінен көрініс беретін әр өнер түрін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге тырысады. Ал би болса, ол өмірдің ерекшелігін, сан қырлылығын ашып беруге жәрдемдеседі.
Өткен аптада халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс-салтымен біте қайнасып келе жатқан, ел мұрасы болып табылатын би өнерін дәріптеп жүрген сұлулық пен бекзаттығымен ерекшеленетін Ақбұлақ мәдениет үйі жанынан құрылған «Алау» би үйірмесінің «Үйірме – өнер бастауы» атты жылдық есептік концерті өтті. Концерт Ақбұлақ ауылдық округінің мәдениет үйінде өткізілді. Аталған кешке Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Сәбит Жұмағалиұлы және Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің бірқатар қызметкерлері қатысты. Жансұлу Сержанқызы аты аталған «Алау» би үйірмесінің жетекшісі. «Алау» би үйірмесі үлкен, орта және кіші топтардан құралған. Концерттің шымылдығын ашқан Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжеғара жиналғандардың барлығына жылы лебізін білдіріп, үйірменің түлектері мен ұстаздарын, ата-аналарын шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ, мәдениет саласын дамытуға, жас ұрпақты би өреніне тәрбиелеудегі еңбегі үшін «Алау» би үйірмесінің көркемдік жетекшісі Жансұлу Спанға толағай табыс тіледі.
Кештің шымылдығы үйірменің жетекшісі Жансұлу Спанның орындауындағы «Көңілді күн» әнімен ашылды. Кеш барысында «Алау» би үйірмесінің орындауындағы қазақ биі, ағылшын биі және заманауи билер орындалды. Көздің жауын алатын сәнді ұлттық нақыштағы костюмдер, әдемі би қимылы, әр элементке баса назар аударып, шеберлікпен орындау биді түрлендіріп, көрермендерін баурап алды. Бір-бірінен өткен әр би нөмірі кеш қонақтарының таңдайын қақтырып, ерекше әсер етті. Жалпы, «Алау» би үйірмесінің есептік концерті жақсы атмосферада, жоғары деңгейде өтті. Концертке жиналған қауым бишілердің шыңдалған шеберлігінің куәсі болды, ұлттық билер мен жалынды әуен-саз, әдемі өрнектелген ұлттық костюмдер көпшіліктің көңілінен шықты.
Гүлнұр Аманжол.