Бар ғұмырын шахматқа арнаған жан

100 Views

Шахмат – ақыл-ой өрісті дамытатын, әлемдегі кең таралған спорт ойыны. Шахмат сөзінің мағынасы парсы тілінен аударғанда «патша өлді» дегенді білдіреді. Шынтуайтына келгенде, шахмат ойынының тарихы өте тереңде жатыр. Оның тарихи Отаны – Үндістан. Кезінде құмар ойындарға жатқызып аластатылған шахмат ойынын бұл күнде ғалымдар адам миының қалыпты жұмыс істеуіне пайдасы көп екенін дәлелдеген. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл ұлы ойынды жер шарының 25% тұрғыны ойнайды екен.
20 шілде – Халықаралық шахмат күні. Бұл мереке 1966 жылдан бері тойлана бастаған. Аталмыш мереке қарсаңында біз аудандағы шахмат ойынының дамуына өзіндік үлес қосқан жандар жайында сөз қозғамақпыз. Солардың бірі – Серікбай Кабираев.
Серікбай Кабираев – бар ғұмырын шахматқа арнаған жан. Жалпы Құлан жұртшылығы оны шахмат бапкері ретінде жақсы таниды. Тіпті, Құландағы шахмат әліппесін Серікбай мырзамен тікелей байланыстырсақ артық болмайтын шығар, сірә! Оның тәлім-тәрбиесін талай шәкірт алып, бүгінде олар озық ойын үлгісін көрсетіп жүр. Шәкірттері тек тартысты турнирлерге қатысып қана қоймай, арттарынан өз ізбасарларын ертіп, өскелең ұрпақты ұстаздары секілді шахмат ойынына баулуда. Олардың қатарында Шыңғысхан Серікбай бар. Ол – фиде шебері. Бұл атақ Азия чемпионына шахмат федерациясы атынан берілген. Сондай-ақ, Серікбай мырзаның шәкірттерінің қатарынан спорт шеберіне үміткерлерді де табуға болады. Олар: Жандос Әдібаев пен Шапағат Қонысбай. Алғашқысы – ұстазы секілді аудандағы шахмат спортының дамуына өзіндік үлес қосып жүрсе, екіншісі – талай дүбірлі додаларда жастығына қарамастан топ жарып жүр. Сонымен қатар, Серікбай мырзаның мақтаулы шәкірттерінің қатарына Жәнібек Райымқұловты, Айнұр Қуанышбекованы және Лаура Малдыбаеваны қосуға болады. Аты аталған ұл-қыздардың барлығы облыстың бірнеше дүркін чемпиондары.
Осы сәтті пайдалана отырып, білімі мен біліктілігін, шыдамдылығы мен шеберлігін аудандағы шахмат ойынының дамуына жұмсаған Серікбай Кабираевты «20 шілде – Халықаралық шахмат күнімен» шын жүректен құттықтаймыз. Алар асуыңыз таусылмай, биіктерді бағындырар шәкірттеріңіз көп болсын!

 

Поделиться ссылкой: