Мақтанышым – ауылым
1928 жылы байлардың мүлкі тәркіленіп, сотталатыны сотталып, жер аударылатыны аударылып біткеннен кейін ауылда өңкей кедей-кепшіктер, жай шаруалар қалған. Сол кезде аудан орталығынан уәкілдік келіп, күніге жиналыс өткізіп, халықты үгіттей бастайды.
«Біздің большевиктік партиямыз халықты бірлесіп жұмыс істеуге шақырып отыр,ұжым құрып, бұрын байларға қызмет етсеңіздер, енді өздеріңізге қызмет етесіздер. Көрші ауылдарға қарасаңыздар орыстар бірігіп егін егіп, есік алдына бау-бақша, көкөніс өсіріп, өз жағдайларын өздері жасап жатыр. Біз болсақ әлі күнге көшпенді өмір сүріп, малдың артында бүгін мұнда, ертең анда жүрміз. Отырықшы өмірге көшіп, қыста жылы үйде, жазда бақшамыздан өнім, егін жинап жайлы өмір сүретін уақыт келді. Сондықтан бәріңіз бастарыңыз бірігіп, бір ұжым болып, бірге еңбек етсеңіздер үкімет көмек беруге дайын. Құрал-саймандарыңызды, техникаларыңызды береді. Сіздер еккен егіндеріңізді артығымен үкіметке өткізсеңіздер ,өздеріңізге қажеттісін алып қалып, қысқа азық дайындап аласыздар. Егер келіссеңіздер осы жақтан қолайлы жер тауып, біз де мәдени өмір сүруге көшейік» – деп ұсыныс жасайды. Ауылдың жігіттері бас қосып, қайда қоныстануға болатынын ақылдаса бастайды. Сонымен Каменка ауылы мен Луговой ауылының ортасындағы тардан келетін жалғыз өзен төрт арыққа бөлініп ағатын шөбі шүйгін, топырағы құнарлы жерге орналасқан дұрыс деп келіседі. Оған қоса таңдаған жердің төменгі жағында жаңадан Түрксіб темір жолы ашылған еді. Ол да бір тиімді жағы болар деп тәуекелге бел буады. Болашақ ауылдың тұрғындары енді көшіп-қонып жүрмей, бір жерде тұрақталып, қыста киіз үйде жаурамай, өз бастарына үй, ауыл болатындарына қуанады. Өзеннің шығыс жағындағы бірінші арықтың бойына ауылдың белсенді жігіттері Жабай мен Имаш, төменгі жағына Иманбай мен Артықбай, екінші арық бойына Байадин мен Жүнісбай, үшіншіге Қожақ, Сүлеймен, батыс жақтағы арық бойына Жорабек, Ноқрабек, Әбілдә, Бейсенбектер үй соғатын болады. 1929 жылдың сәуір айынан бастап үйлер салына бастайды. Дайын кірпіш жоқ, балшықтан кірпіш құйып қабырғаларын көтереді. Үйлердің есік-терезелерін теміржол бойында тұратын осы ауылдың азаматы Нұрмет деген ағаш шеберіне өздері ағаш, тал-дарақтарын апарып жасатып алады. 1929 жылдың күзіне дейін 40-50 шақты үй бой көтереді. Үйлері дайын болғаннан кейін қандай тіршілік жасаймыз, қандай ұжым боламыз деген мәселені шешуге кіріседі. «Ауылшаруашылығы ұжымы болсын, арамыздағы білімі бар,оқыған азамат Қылыш ұжымға басшы болсын» – деп келіседі. «Ортамызда бай-манаптар жоқ, билер жоқ, тек шаруалардан құралған ұжымбыз, ауылымыздың аты «Еңбекші» болсын – деген шешімге келеді. Сөйтіп 1929 жылы Еңбекші ауылы өзінің жаңа өмірін бастап кетеді. 1930 жылдың көктемінен 4-5 гектар жерді соқамен жырттық. Бидай,тары ексе,таудың етегіндегі шұрайлы жерге алма бақ егеді. Одан бөлек, әр үйдің ауласына жеміс ағаштарын, кішігірім бау-бақша отырғызады. Малдарды да біріктіріп, түйе, жылқы,ұсақ малдарды бағуға бөлек-бөлек адамдар бекітіледі. Осылайша колхоз шаруашылығын дамытып, өз-өзімен өмір сүре береді. Ашаршылық кезінде өздерінің жинаған егіндерінің арқасында аштан қатпай аман қалады. Оның үстіне ауылдың біраз адамы Луговой станциясында, енді біразы Луговой селосында орыстармен бірге қызмет істеп жүреді. Сол азаматтар да ашаршылық кезінде көмек қол ұшын созады.
Ауылдың бірінші басшысы Қылышбек болса, Еңбекші ауылдық советінің бірінші басшысы Жорабек Қохаев деген кісі болады.
Ауылда бала көбейеді. Олардың білім алуы үшін кішігірім бастауыш мектебі соғылады. Нағима Ермекбаева апай оқушыларды білім нәрімен сусындатып, ұзақ жылдар еңбек етеді. Кейін 1944 жылы ерен еңбегінің арқасында «Ленин» орденімен марапатталады.
Шаруа халық болғаннан кейін тұрғындардың көбі оқу-жазу білмейтін. Оларға партияның бір қозғалысы «Ликбез» (ликвидация без грамотности) – сауатсыздықты жою бойынша Қарқаралыда оқып келген Оразғали Боранбаев деген мұғалім жігіт келіп, кешке бір уақыт ересектерді жинап сауат ашу сабағын өткізеді. Ол кезде әліпбидің әріптері латынша, сөзі қазақша болатын. Үлкендердің барлығы латынша оқыды. Оның ішінде менің әке-шешем де 1940 жылға дейін латынша сауат ашып, санап, оқып үйренген.
Жоғарыда айтқан Нағима апайдың ауылға сіңірген еңбегі зор. Сол кісіден білім алып, бастауыш мектепті үздік оқып, кейін жақсы қызмет істеген азаматтар көп болды. Сондай кісілердің бірі Манап Иманбаев милиция полковнигі болған. Төлен Смайлов колхоз бастығы болса, Бейсенбек Махашев Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіріп, Меркі ауданында көп жылдар аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет еткен. Кейін «Ленин» орденімен марапатталған. Милицияда, кейін мемлекеттік қауіпсіздік органында, облыстық партия комитетінде, облыстық ауылшаруашылығы кәсіподағының төрағасы болған Несіпбек Шоқытбаев та Еңбекші ауылынан шыққан. Бірте-бірте ауылымызда жақсы қызмет істеген жастар қатары көбейді. Оның бірі – менің әкем. Сауатын ашып, оқу-жазуды үйреніп алған соң, Әулиеатадағы шопырлар курсын бітіріп, 1936жылдан 1978 жылға дейін автомобиль жүргізушісі болып қызмет еткен. Ұлы Отан соғысы кезінде де снаряд, қару-жарақ таситын жүк көлігінің жүргізушісі болып майданның қақ ортасында жүрген.
Ауылымыздан ғалымдар да шықты. Мысалы, Ораз Сарымсақов – ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доктор, Болат Әжіханов – ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Рахым Боранбаев – техника ғылымдарының кандидаты, Нұрлан Темірбеков – техника ғылымдарының докторы, профессор.
Одан бөлек ауыл, аудан басқарған азаматтар да болды. Әшіркүл Қохаева, Мұсақұл Тәтібеков көп жыл атқару комитетінде, партия органдарында, аудандық комсомол комитетінде қызмет істеген.
Сағынхан Әміреқұлов аудандық, облыстық комсомол комитетінде бірінші хатшы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Сарысу ауданының әкімі қызметін атқарды.
Сегізбай Рахманбердиев жоғары білімді дәрігер. Көп жылдар те іржол ауруханасын, Жамбыл теміржол ауруханасын басқарып, Каменка балалар санаторийінде бас дәрігер болып қызмет істеді.
Әскер саласында полковник болған Өрнек Смайлов, ауданда прокурор болған Шойбек Қалқабаев, қазіргі таңда ұлдары қызметін жалғастырып жатыр.
Еңбекші ауылы шығармашылық адамдарына да кемде емес. Ақын, жазушылар одағының мүшесі – Совет Әлімқұлов осы ауылда дүниеге келген. Баласы Бақытжан Әлімқұлов та ақын, сатирик, жазушылар одағының мүшесі, қазір «Жамбыл» телеарнасында жұмыс істейді.
Еңбекшіден еңбек еткен шаруалардан бастап ел басқарған азаматтарға дейін мақтан тұтарлық тұлғалар шыққандығын абыроймен айта аламыз.
1952 жылы Еңбекші ауылы, Көкарық ауылымен қосылып Абай атындағы колхоз атанды. Тәуелсіздік алғанға дейін Абай колхозы аудандағы көрнекті колхоздардың бірі болды. Базарбай Сүлейменов басқарған кезде ауылда үлкен автогараж, трактор шеберханасы, механикалық қырман, колхозда клуб, мектеп, контор, сауда орталығы болған. 4 көше соғылған. Өркендеп, өскен елді мекен болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін барлығы тарап, жеке шаруашылыққа бөлініп кетті. Ол шаруашылықтардың өзі облысқа, республикаға белгілі мал өсіретін, егін егетін, ет өңдейтін шаруашылықтар.
Бүгіндері кішкентай Еңбекші ауылынан шыққан қыз-жігіттер аудан, облыс, республика көлемінде түрлі қызметтер атқарып келеді. Соларға тілектес болып отырған жайым бар.
«Мақтанышым – ауылым» – деп емірене айтатын, туған өлкемізге, кіндік қанымыз тамған киелі топырағымызға биыл 95 жыл толып отыр. Елім деген ерлері көп, ғұмыры ұзақ, тамыры тереңге жайылған құт мекен болсын деймін.
Москау НОКРАБЕКОВ,
«Т.Рысқұлов ауданына
еңбегі сіңген азамат»
төсбелгісінің иегері,
ардагер журналист.