облыстық турнир тартысты өтті
Шілденің 13-і және 14-і күндері Тұрар Рысқұлов ауданында шахматтан Жамбыл облысы кубогының ІІ кезеңі өтті. Аталмыш жарысқа аймақтың әр өңірінен 110 шахматшы келіп қатысып, ойынның көрігін қыздырды. Тартысқа толы өткен турнир Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің акт залында өткізілді.
Адалын айту керек, облыстық турнир өте тартысты өтті. Жас шахматшылар ойын барысында әр қадамын аңдып басып, қателікке жол бермеуге тырысты. Әсіресе, аудан шахматшыларының ойынына көпшілік тәнті болды.
Жарыс қорытындысы бойынша 12 жас қыздар арасында Айя Орынтайқызы рапид және блицтен ІІ орын алса, 12 жас ұлдар арасында Димаш Қырғызәлі рапидтен ІІІ орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Димаш блиц ойыны бойынша үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі ІІ орынға ие болды. Ал, алты жасында жасындай жарқылдап, Азия чемпионы атанған Айару Каипова 14 жас қыздар арасында рапид және блицтен ешкімге дес бермей, І орынды иемденді. 15 жастан жоғары ересектер арасында Айдана Рысқұл блицтен ІІІ орын алса, рапидтен І орын алып, аудан мерейін үстем етті.
Жас болса да аудан намысын қорғай білген спортшыларды жарқын жеңістерімен құттықтай отыра, келесі кезеңдерде жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетуді тілейміз.
Жәнібек СҰЛТАН.