Нитраты көп көкөністен сақтаныңыз
Қазақта «ауру-астан» деген сөз бар. Яғни, денің сау болуы үшін дұрыс тамақтана білу маңызды. Сондай-ақ, тағам қауіпсіздігін ескеру керек. Жаз мезгілінде астан улану оқиғалары жиілейді.
Нитраттар( грек, nitron — сода, селитра) – өнеркәсіпте, әсіресе ауыл шаруашылығында көп қолданылатын азот қышқылының тұздары. Аммоний нитраты, сілтілік және сілтілік жер металдарының нитраттары селитра деп аталады. Жаңа еккен өсімдіктер тез өнім беру үшін азоттық тыңайтқыштарды өте көп қолданады. Белгілі бір мөлшерден артық пайдаланғанда нитраттар тамақ өнімдерінде жиналады да, адамды уландырады. Көкөністер мен жеміс-жидектер адам ағзасын дәрумендер, микроэлементтер, пектиндер, органикалық қышқылдар сияқты қажетті заттармен қамтамасыз ететін негізгі көзі болып табылады. Алайда, осы аталған өсімдік түрлері арқылы адам ағзасының қалыпты өмір сүруіне зиянын тигізетін нитраттар мөлшері де көп түседі. Адам ағзасына рұқсат етілген тәуліктік мөлшері 1кг адам массасына – 5мг нитрат. Бірақ, нитраттардың адам ағзасына ұзақ әрі көп мөлшерде түсуі денсаулықта үлкен ақаулықтарды туғызуы мүмкін.
Қысы-жазы өнім беріп тұратын жылыжай өсімдіктерінде және жаңа маусым басында шыққан алғашқы өнімдерде нитраттар көп жиналады. Сондықтан жаңадан піскен көкөніс өнімдерін алу кезінде орташа көлемді көкөністер мен жемістерді таңдағаныңыз абзал. Үлкендері неғұрлым көп жерде өскен сайын, нитраттарды өзіне соғұрлым көп сіңіреді. Көкөністерді және салат жапырақтарын 1 литр су және 1 ас қасық ас содасының ерітіндісіне жуған жөн. Жас көкөністер мен жемістерді 1-2 сағатқа суық суға салып қойып, бірақ жеген дұрыс.Сәбіздің және қиярдың екі жақтарын 1 сантиметрден, ал шалғам мен қызанақта сабаққа жақын түптерін 2 сантиметрге дейін кесіп тастау керек.
Көкөністерді суға пісіретін болсаңыз, 5 минуттай суда қайнатып, суды төгіп тастап, таза су құйып, қайта қайнату керек. Нитраттардың 50%-на дейін мөлшері бірінші рет төгіп тастаған суға шығады. Картоптың және қиярдың қабығын қалыңдау аршып тастаңыз.
Нитраттар өсімдіктердің шығу мерзімінің басында шектен тыс көп болатындықтан көкөністер мен жеміс-жидектерді күзге қарай алған абзал.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы «Нитраттарсыз көкөністер мен жемістерді таңдаймыз» тақырыбында акцияны әр жұма сайын ұйымдастырады. Акция аясында «Ұлттық сараптама орталығы» аудандық бөлімшесінің мамандары жәрмеңкеге шығып, тұтынушылардың сатып алған көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін «Нитрат-тестер» құралы арқылы тексеріп, нитрат қалдығының көрсеткіштерін анықтайды. Сондықтан әр тұтынушы нитраттан уланудың алдын алу үшін сатып алған өнімін тексерістен өткізуіне болады.
Ж. Дідаева,
ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы»
ШЖҚ РМК Жамбыл
облысы бойынша
филиалының
Т.Рысқұлов аудандық
бөлімшесінің
СЭҚ дәрігері.