Құнсыз адам

106 Views

Майклдың итхананы мекендегеніне үш ай өтті. Әзірге атқарып жүрген жұмысы жұғымсыз: анда бар, мында бар, алып кел, шауып келмен жүр. Кей кездерi ғана Лоуренс берген әлдебір бөлшектерді айқыш-ұйқыш сызылған схемаларға қарап отырып құрастырады. Шатқалдағы заводта құрастыру iciнe eдәуір төселіп қалған еді. Соның пайдасы тиіп жүр: қожайын берген детальдарды тап-тұйнақтай eтіп жинап шығара қояды. Оның ептілігіне Лоуренс те мәз.
Біp күні мистер Лоуренс дүкеннен әртүрлі формада құйылған жүз шақты айна алдырды. Не үшін қажет екенін ит біле ме? Бір мәрте Майкл оны қарбалас жұмыс үстінде көріп қалған. Жалпы, қожайын бұган өзінің жұмыс кабинетіне бас сұқпауды бұйырған болатын. Лоуренс үлкeндi-кiшiлi, төрт қырлы, үш қырлы, дөңгелек айналарды күн көзіне қойып, олардың сәулесін қараңғыланған бөлмесіндегі әлдебір нүктеге түсіріп тұр екен. Алғаш Майкл оған пәлендей назар аударған жоқ. Бірақ мұны көріп қалған Лоуренс бұлқан-талқан ашуланып, итханасына қуып тыққан. Табан астында оның неге қағанағы қарс айрылғанын Майкл түк түсіне қоймаған. Содан бepi қожайын кабинетінің есігін тарс бекітіп алып, күн ұзаққа шықпай қоятынды шығарды. Әйтеуір бip жаңалық ашу үстінде екендігі шүбәсіз. Бірақ ол қандай жаңалық? Бұл жағы Майклға беймәлім. Оның жай-жапсарын білуге Майклдың құштар болып жүргені де шамалы. Не шаруасы бар, күнделікті екі долларын алып, қарнын тойдырып жүре бергені жөн емес пе одан да.
Осы уақытта Майкл Лоуренстердің семьялық жағдайымен де әжептәуір танысып үлгерді. Миссис Лоуренсті сирек көреді. Ол тамақтанар сәтте немесе қожайынға кофе қайнатар кезде ғана ас үйге шығады. Ал қалған уақыттарда жатын бөлмеге кіріп алып, тырс етпестен бүркеніп жатады да қояды. Мына дүниеде нендей оқиғалар болып жатыр, жалпақ жалғанда қандай жаңалықтар бар, онымен ici жоқ. Күйеуімен де сирек күңкілдеседі . Теңіз-жаяу әскерлеpi сапында Ливанда жүрген ұлын ойлайды ма, әлде Нью-Йорктегі медициналық колледжде оқитын қызын уайымдайды ма, әйтеуір, шүңірек көзі ой тұңғиығынан арылмайды. Tәрізi, күйеуі екeyi күндіз екі бөлек тіршілік етіп, түнде ғана тізе қосатын секілді. Майкл олардың мына түрлеріне қарап, екеуінің өзара жар құшағынан ләззат алатындықтарына шүбәланады. Екеуін біріктіріп тұрған тек ерлі-зайыпты деген ат қана тәрізді.
Үй тіршілігі, семья жағдайы мистер Лоуренсті де оншалықты толғандырмайды. Баласы америка әскерлерінің құрамында Ливанға кеткелі бері бір жыл өтіпті. Осыдан жарты жыл бұрын одан хат келген екен. Баласы Бейрутта әскери қызмет атқарып жүргендігі жайлы жазған көрінеді. Іле-шала ведомстволардың бірінен «Сіздің ұлыңыз Эдвард Лоуренс хабар-ошарсыз кетті» – деген хабар алған екен.Содан бepi тым-тырыс. Эдвардтың тағдыры не болғандығы ешкімге беймәлім қалпында қалып қойған. Ал, ол мистер Лоуренстің қаперіне де кіріп жүрген жоқ. Оның ез қайғысы бар: он бip жылдан бepi айналысқан жұмысының қорытындысын шыдамсыздана тосып жүр. Өзi ашатын жаңалықтың болашағына қалайда сенімді.
Соқыр Бэнстің айтуынша, Бейруттағы американ теңіз-жаяу әскерлері орналасқан штаб-пәтерді ливандық патриоттар жойып жіберген көрінеді. Сонда 243 американ солдаты қаза тауыпты. Эдвард Лоуренстің дәл сол штаб-пәтерде қаза тапқандығына Бэнс шек келтірмейді. Өйткені нақ сол штаб-пәтерде қаза тапқандардың туған-туыстарына «хабар-ошарсыз кетті» деген жалған мәліметтер жөнелтілген екен.
Мұндай фактілерді соқыр Бэнстің қайдан алатынына Майклдың таңы бар. Өткенде айтқан журналистен құлақтанады, cipә. Ол журналист коммунист емес деген болатын. Бірде Бэнс әлгі жайлы сөз болғанда, бipaқ солардың ұстанған идеяларын қолдайды. Демек, мен де сол идеяны қуаттаймын. Өйткені, бейбітшіліктің жер бетінде тұрақтануына шынайы жол сілтеп отырған – коммунистер.
Майкл Бэнстің бұл сөздерін жиі-жиі еске алып жүрген.
Мистер Лоуренс колледжде оқитын қызына ай сайын ақша салып тұрады. Оның қаншалықты мөлшерде салатындығын Майкл білмейді. Әйтсе де, оның білетіні сол – қожайын қызын жылына бір-ақ рет көреді екен. Ceбeбi, ол қызының үйге келуіне тыйым салыпты. Жол шығынына жүздеген доллар текке кетеді, – деп есептейтін болса керек.
Өткенде қызы Маргарет келіп кеткен. Ұқсамасаң тумағыр, шешесінен аумай қалыпты.Тар-тар джинсиін сыр-сыр еткізіп, Майклдың жанына сан мәрте келген. Итханадағы кереует үстінде отырған бұған жабайы адам көргендей тесіле қарап тұрып-тұрып кететін. Құр кетпейді «тфу, оңбаған, шошқадан ары» – деп, Майклды отырған жерінде омалдырып кетеді. Не үшін бүйтетінін кім білсін. Қараптан қарап отырып сөз еститін Майкл мұндайда іштей күйіп-піседі. Қаршадай баланың түкіріп кеткеніне налиды. Бірақ амал қанша, ар-намысы әлдеқашан жыртылып-айырылып, ұят атаулысы көнтеріге айналған қайран басы бұғанда шыдайды да. Маргареттің үйде болған үш күн ішінде талай сөз мұның жүрегіне шаншудай қадалды. Тіпті Майкл күн ұзақ итханадан шығуға көңілі дауаламай, бой тасалап қалған еді. Қожайынның қызы Нью-Йоркке қайта кететінін естігенде қатты қуанды. Алайда бұл қуанышы да көпке созылмады. Мистер Лоуренс мұны шақырып алып, көзіне көрінуге қаймығатын Maргареттi самолетке шығарып салуды бұйырды.
Аэропортқа баратын уақыт тақағанда Майкл Mapгареттің, бөлмесіне барып, eciгін тықылдатқан еді, арғы жақтан дыбыс болмады. Содан соң eciктi жайлап ашып, iшке бас сұқты. Маргарет өз төсегінің үстінде қос тізесін құшақтап отыр екен. Әлдеқайда тесiлген көздерінің асты көкпеңбек болып, реңі бұзылып кетіптi. Ашық қалған дене мүшелерін жауып, қымтауға да әрекет жасаған жоқ. Бөлменің ішінде әлдебір иіс кілкіп тұр. Майкл мән-жайға түсіне қойды: Маргарет наша тартатын болып шықты. Он сегіз жасар қыздың апиынға бой ұрғанына Майкл оншалықты таңырқай қойған жоқ. Мұндай жайт Америкада жиі ұшырасады.
– Маргарет, самолет ұшатын уақыт болып қалды. Жиналғаныңыз жөн болар, – деді Майкл дауыстап. Маргарет сол сәт ұйқыдан оянғандай бұған жалт етіп қарады да кенет:
– Жаным, келші бері, сүйіктім!.. – деп үздіге сөйлеп, Майклға тұра ұмтылды. Абдырап қалған жігіт Маргареттің құшағында тұрғанда eciн бір-ақ жиды. Қыз сырттай әлжуаз көрінгенімен қолдары қарулы екен, мұның мойнынан тас қып құшақтап қатты да қалды. Кеудесі дір-дір етеді. Сорлы Майкл оның қолдарын жаза алмай әлек. Тап қазір қожайын осы көріністің үстінен түссе шаруасының біткені.
Майкл қызды көтеріп алып төсегіне көлде­нең жатқызды да колының қарынан қаттырақ қысып eді, анау сылқ ете түсті. Екі беті албырап, құмарға еліткен жап-жас қыздың мына жатысы Майклға біртүрлi ыңғайсыздау көрінді. Шошқадан ары адам мен емес, осының өзi екен ғой, деген ой сумаң ете қалды. Сосын тepic бұрылып, бөлмеден шығып кетті. Ертеңінде Маргареттті қожайынның өзi шығарып салды.
Мистер Лоуренс бұрынғысынша өзін он орап алған сансыз ойдың, шырмауынан шығa алмай жүрді. Бейне бip басының іші әлдебір формулаларға толып кеткен тәрізді. Енді шекесі мен шүйдесінен қысып кеп қалса сол формулалар құрт-құмырсқалар құсап, қыбыр-жыбыр eтіп сыртқа құжынап шыға келетіндей. Әкесінің көзі тіpiciнде Лоуренс колледжде оқып, инженер мамандығын алған көрінеді. Әкесі қайтыс болған соң әр нәрсенің басын бip шалып, мұра болып қалған байлықты оңды-солды шашып жіберіпті. Ендігі күйі мынау – бұрынғы бақ-дәулетті қайта қайтарамын деп жаңалық ашу үшін жанын жеп жүргені.
Лоуренстің әкесі осы Огасту қаласындағы автомобиль бөлшектерімен сауда жасай­тын фирмаға билік жүргізіп, одан әжептәуір пайда түсірген болатын. Осыдан он жeтi жыл бұрын Латын Америкасы елдерінің бірімен шарт жасасу мақсатында ұшып кету үшін аэропортқа келгенде оған қастандық жасалған еді. Машинасынан түскен мезетте қай тұстан екені белгісіз, әлдекім оны тасада тұрып атып өлтірді. Қылмыскерді табу мүмкін болмады. Ол полицейлердің құрсауынан дер кезінде сытылып шығып кетіп, із жасырып үлгерді.
Білгіштер Лоуренстің өліміне осы қаладағы автомобиль бөлшектерімен сауда жасайтын тағы бip фирманың қожасы Джон Сайкстан болды деген жорамал айтысты. Алайда нақты айғақ жоқ болғандықтан прокуратура бұл icтi жауып тастаған болатын. Алыпсатарлық пен бақталастыққа келгенде ешкімді де аямайтын Капитал мырза осылайша өмір парағынан Лоуренстің eciмін сызып тастаған.
Мистер Лоуренсте әкесінің өлімін Сайкстан көреді. Tiпті солай болғанына сенімді де. Әттең, бірақ қолында дәлел жоқ. Оның үстіне әкесін жерлеген күннің ертесінде болған оқиға есіне түссе, осы күнге дейін өзегі өртенеді. Ол оқиға былай болған еді.
…Әкесін жерлеу рәсімін ұйымдастыру кезінде әбден шаршаған Лоуренс үйіндегі демалыс бөлмесінде отырған күйі ұйықтап кеткен еді. Шыр ете қалған телефон үні оны оятып жіберді. Трубканы құлағына тосқанда ол өзіне бейтаныс дауысты естіген.
– Халің қалай, балақай, – деген арғы жақтағы сәл қырыл аралас дауыстың иесі. – Сенің әкең бізге қош деуге де жарамай о дүниеге аттанып кетті дей ме?
– Түсінбедім… Сіз кім боласыз? – деген Лоуренс таңырқап. Бip жағы мазақ аралас сөздерден тіксініп те қалды.
– Бізді әлі біле жатарсың, балақай. Мен саған жақсылық жасағалы отырмын. Мұны, қалай айтсам екен, жанашырлық деп ұғуыңа да болады. Сен әлгі… фирмаңды маған сатсаң қайтеді?
– Түсінбедім… әңгіме қай фирма жайлы болып отыр?
– Миқабың әлі кеппеген бала екенсің ғой, — деді арғы жақтағы дауыс мырс етіп күліп. — Әкеңнің фирмасы саған мұра болып қалған жоқ па?
– Иә.
– Сол фирманы маған сатқаның жөн болар. Бәрібір сен iсті үйлестіре алмайсың. Құр бекер шашылып, құрдымға кетуің ықтимал. Колледж студентінің коммерция iciмен шұғылдана алмайтындығын өзің де жақсы білесің ғой. АЛ калай? Мен фирма үшін екі жүз мың доллар беруге бармын.
– Сіз…құдай үшін… аты-жөніңізді айтыңызшы, мырза, – деген бұл ақша туралы естігенде есі-құты қалмай. Жасынан ақшаға құмар құнығып өскен бұған екі жүз мың доллар деген көл-көсір дүниедей көрінген.
– Құмар болып тұрсаң айтайық, Сайкс, Джон Сайкс. Естуің бар шығар?
– Әр-ри-не, – деген бұл тұтығып. Сосын іле-шала әлгі мол дүниеден айрылып қалардай болып, – мистер Сайкс, мен фирмамды үш жүз мың долларға бағалар едім, — деп қойып қалды.
– Keлістік, балақай. Ақылды адам осындай болуы керек. Ертең iсті бітіреміз. Cay бол.
– Cay болыңыз, мистер Сайкс…
Шынында да Сайкс жыпылдатып жүpiп Лоуренстің фирмасын үш жүз мыңға сатып алды. Алайда жыл өтпей жатып-ақ студент Лоуренс өзінің алданып қалғанын білді.. Сұмырай Сайкс мұны тақырға отырғызып кетіпті. Фирманың Огасту деп филиалын былай қойғанда, әкесі шарт жасасып кеткен бірқатар компаньондардың өзінен жылына жиырма мың доллар түсім түсіп отырады екен. Соған қарағанда мұның фирмасы кемінде жеті-сегіз мың долларға бағалануға тиіc болып шықты. Лоуренс бұл хабарды естігенде бармағын мылжалап шайнай жаздаған. Бірақ амал нешік, тағдырға мойынсұнған да қойған.
Содан бepi Сайкстың атын ecтice жылан шаққандай ыршып түсіп, қос құлағын бітей қоятынды шығарған. Әкесін өлідей, баласын тірідей тұмсықтарынан қайқайта соққан сұмнан қалай өш алуды білмей аласұрған. Кек қайтарудың жолын әлі де таба қойған жоқ. Алайда аңысын аңдып жүріп аяқтан шалып қалуға әрқашан да әзір. Мұның ойынша, зұлымдықты жауыздықпен ғана жуып-шаюға болады. Сондықтан да Сайкстың тамағынан орып түсетін үшкір тырнақты әзірше бүгулі тұр.
Лоуренс пен Сайкстың арасындағы қырғи қабақтық Майклға беймәлім болатын. Сайкстың есімін естісе қожайынының неліктен жүйке тоздыратынын Майкл сұрамады. Ал министрдің өзі болса, бұл жайлы жақ ашқан емес, қайта осынау құпияны қатпар-қатпар миының ең терең түбіне тығып тастаған секілді.
Майклдің бір таңырқайтыны – мистер Лоуренс газет-журнал оқығанды жаратпайды.Радионың үні шықса ерінбей барып өшіре қояды. Ал телевизор бұл үйде атымен жоқ. Қожайын текке шығындауды сүймейді. Ал миссис Лоуренс қожайыннан өткен бейқулық. Бұл дүниедегі тіршіліктен безе қашқан бейне, әйтеуір. Оның нендей себептерге байланысты тоң-торыс кешіп жүргенін Майкл түсінбей-ақ қойды. Мұның сыры Майкл түгілі Лоуренске де беймәлім еді. Тіпті миссис Лоуренс те неге өзі осылай құлықсыз болып қалғанына қайран қалады. Кішірек күнінде басқа балалардай жайран қағып-ақ жүретін.Құрбыларымен ойнағанды сақ-сақ күлетін кездері есінде. Балалармен қуаласпақ ойнап, өкпесі өшкенше жүгіретін сәттері есінде. Жетінші класта әлдебір дертке ұшырап, ауруханада екі-жарым жатқан еді. Сырқатынан айығып шықты, бірақ аурухана табалдырығын аттағалы бері осындай жалғызілікті күйге түскен. Неге? Оның себебі тек көктегі құдайға, яғни жердегі шайтанға ғана белгілі шығар.

Поделиться ссылкой: