Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні

113 Views

Осы атаулы мерекеге орай қалыптасқан дәстүр бойынша аудандық газет тілшілері арнайы бет әзірледі. Тілшіміз аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеевке де жолығып, пікірлесті. Газетіміздегі «Аламан» деген айдардың тізгіншісі де әріптесіміз Марат Диханбай екенін білесіздер. Сондықтан бұл мерекеге орай материал әзірлеу де дәл осы Маратқа жүктелді. Ендеше, сөз тізгіні – әріптесімізде.

Чемпиондарды түлеткен ауданбыз

Біздің ауданды көп жұрт «Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің ауданы» деп атайды. Бұл дегеніңіз – үлкен мәртебе емес пе? Артқа шегініс жасасақ, ол солай да тіпті. Өйткені тарихты ешкім ұмыттыра алмайды. Күні кешегі Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, бар қазақты қуантқан Елдос Сметовтің де намыс-жігерін көрдіңіздер, иә. Ал, сол дзюдо спорты тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы басқа-басқа емес, киелі Құлан жерінен шыққанының өзі жоғарыда айтқан сөзімізге нақты мысал болса керек.
Мақаланың аннотациясында біздің аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Тоғанбайұлына жолыққанымыз жөнінде жазылды. Рас, біз осы салаға жауапты бөлім басшысымен жолығып, тілдестік. Ол аудан бойынша барлығы 191 спорт нысандары бар екенін, оның ішінде, 5-еуі спорт кешені, 1 стадион, 112-сі спорт алаңшалары, 21-і футбол алаңы, 52-сі спорт залдары екенін айтып берді. Аталған спорт нысандарының барлығы аудан тұрғындарына қолжетімді және ақысыз болып табылатынын және айтып өтті.
Ерлік Тоғанбайұлының сөзінен ұққанымыз, 2024 жылдың 7 айында аудан бойынша денешынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны жалпы халықтың 40,8 пайызын құраған. Бұл адам басына шаққанда – 27421 адам. Одан бөлек, бүгінгі таңда ауданда 6 спорт мекемесі жұмыс атқаруда. Оның ішінде Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты 2 спорт мектебі (№24, №25) жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 13 спорт түрінен, яғни еркін күрес, қазақ күресі, дзюдо, грек-рим күресі, бокс, волейбол, таэквандо, кикбоксинг, асық ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, бес тас, футболдан барлығы 1193 оқушы спортпен шұғылданады. Қалған 4 спорт мекемесі аудан әкімдігінің бағынысында. Олар: Құлан ауылындағы спорт кешенінің «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы», Луговой ауылындағы спорт кешенінің «№1 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы», онда 6 спорт түрі, яғни бокс, еркін күрес, қазақ күресі, футбол, волейбол және дзюдодан барлығы 390 жасөспірім спортпен шұғылданады. Сондай-ақ, Ақыртөбе ауылындағы спорт кешенінің «№2 балалар мен жасөспірімдер денешынықтыру клубы», онда 3 спорт түрінен, яғни қазақ күресі, қол күресі, волейболдан 80 жасөспірім спортпен шұғылданады. Төртіншісі, №2 БЖДШК-на қарасты Көгершін ауылындағы спорт кешені. Онда 3 спорт түрінен, яғни қол күресі, футбол және волейболдан 179 жасөспірім спортпен шұғылданады. Біз осы арада Ерлік Тоғанбайұлынан ауданда жалпы спортпен шұғылданатын жасөспірімдер санын сұрадық. Ол бұл сауалға ешбір мүдірместен:
–1842 бала, – деп жауап берді. Бұны неліктен сұрадық? Себебі қазір Елдос Сметовтің Париждегі жігерлі жеңісі көп жастарға мотивация. Адам кәсіби спортқа не үшін келеді? «Елімнің абыройын әлемдік додаларда асқақтатсам, Көк Туымды көкте желбіретсем» – деп белгілі бір алдына мақсат қойып келеді. Мен ойлаймын, ауданымызда жаңағы спортпен шұғылданатын 1842 баланың діттеген ойлары осындай деп. Алдыңа мақсат қойсаң ғана Елдос секілді чемпион боласың. Оны білікті бапкерлерде шәкірттеріне айтып жатыр деп ойлаймыз. Біздің газет ұдайы «Аламан» айдарында ауданымызда өткен іс-шаралар туралы жазып жүр. Бөлім басшысынан біз соның нақты санын да сұрадық. Ол:
– 2024 жылдың 7 айында аудан бойынша барлығы 128 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шараларға 13148 адам қамтылған, – деп жауап қайырды. Шүкір, әйтеуір жыл сайын аудан аумағындағы ауылдарда спорт кешендері салынуда. Осы мақаланың ішінде де жазылды, қазір спорт кешендері Құланда бар, Көгершінде бар, Ақыртөбеде бар, Луговойда бар, Рахым Сәбденов ауылында бар. Енді Жаңатұрмыс ауылында салынып жатыр. Ол ашылса, біз міндетті түрде жазатын боламыз. Әйтеуір, ауызды құрғақ шөппен сүртіп, «жоқ, жоқ» – дей алмасымыз анық. Бір жылда барлық ауылға спорт кешенінің салынбайтыны тағы белгілі. Ақырындап болса да, проблемалар шешімін тауып келеді. Проблема демекші, біз Ерлік Тоғанбайұлынан Құлан ауылындағы К.Бекебаев атындағы орталық стадионның мәселесін сұрадық. Бөлім басшысы оған:
–К.Бекебаев атындағы орталық стадионға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражат бөлінбеген. Дегенмен біз қарап отырған жоқпыз. Шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Бүгінгі күнге аталған нысан аудан теңгеріміне алынып, 2023 жылы сметалық жобасын қайта қарау және сараптамадан өткізу үшін 2505,0 мың теңге қаражат жергілікті бюджеттен бөлініп, қажетті жұмыстар жүргізілді, – деді. Бұл стадион жөнделсе, ауданымызда жеңіл атлетика спорты да дами түсетін еді. Ал, Олимпиада ойындарында медаль көп сарапқа салынатын спорттың бірі – осы жеңіл атлетика. Бізде оған жасөспірімдерді дайындайтын білікті бапкерлерде жеткілікті.

«Құланнан талай мықты спортшы шыққан. Ол алдағы уақытта да шыға береді. Біз оны нық сеніммен айта аламыз. Өйткені бұл мекеннің аурасы сондай. Әйтпесе, бұл өңір бекерден-бекер «Киелі Құлан» деп аталмас еді. Киелі Құлан жерінің атын айдай әлемге алдымен Олимпиада ойындарында атақты Абсент танытты. Абсенттің 1960 жылғы Римдегі алтыны мен 1964 және 1968 жылдары Токио мен Мехикодағы қос қоласын аудан жұртшылығы қалай ұмытсын. Одан кейін даңқты боксшымыз Ермахан Ибраимовтың 1996 жылғы Атлантадағы қоласы мен 2000 жылғы Сиднейден жеңіп алған алтыны тағы бар. Содан соң Сиднейден олжалы оралған жауырыны қақпақтай Ислам Байрамуков сынды жерлес балуанымыздың күміс жүлде еншілегеніне де 20 жылдан асып кетті. 2012 жылы Лондон шаһарында өткен төртжылдықтың басты додасында Ақжүрек Таңатаровтың тұғырдың үшінші сатысынан қол бұлғаған сәті әлі күнге дейін көз алдымызда. 2016 жылы Бразилия астанасы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында дзюдодан Елдос Сметов күміс медаль еншілегенде құландықтардың қалай қуанғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 2021 жылы Жапония астанасы Токио қаласында Олимпиада ойындары өтті, білесіздер. Даңқты дзюдошы, жерлесіміз Елдос Сметов Токио татамиінде белдесіп, Олимпиаданың алғашқы күнінде-ақ ел қоржынына бірінші болып қола жүлдені салды. Биыл Елдосымыз Париж Олимпиадасында чемпион атанды. Бұл дегеніңіз,
бір аудан үшін айтарлықтай жетістік емес пе?»

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: