Бірлік бар жерде әрқашан тірлік бар
Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов бекітілген кестеге сәйкес, Қорағаты ауылдық округіне барды. Ондағы мақсат – ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді тыңдау. Жиында алдымен аудан басшысы ауданда атқарылып жатқан ауқымды тірліктерді айтып берді.
Қорағатыда бұрын газ жоқ еді. Ол осындай жиналыстарда үнемі айтылатын. Шүкір, қазір газ келді. Қазір Қорағаты станциясында медициналық пункт салынып жатыр. Оған 114 млн. теңге қаражат бөлінген. Одан бөлек, ауылдық округке қарасты Мамыртөбе, Аққайнар және Тойқұдық елді мекендеріне таза ауыз су жеткізуге де қаражат қарастырылған. Жалпы, Қорағатыдағы жүйелі жұмыстарға бюджеттен 155,3 млн. теңге қаражат бөлінген екен. Осының бәрі жиналыста айтылды. Қорағатылықтар аудан әкімінің атқарып жатқан жұмысына дән риза. Қазір бұл ауылдан аудан орталығына қоғамдық көлік те қатынайды. Биыл Қорағаты мектебі көмірмен емес, газбен жылытылатын болады.
Кеше дәл осындай халықпен кездесу жиыны Ақбұлақ ауылдық округінің орталығы болып есептелетін Рахым Сәбденов ауылында жалғасын тапты. Ернар Серікәліұлы бұл кездесуде де аудан аумағында атқарылып жатқан ауқымды тірліктерді айтты.
Ақұбұлақ ауылдық округінің елді мекендерінде де газ бар. Мектеп бар. Ақбұлақ және Қызылшаруа ауылындағы №3 шағын орталықты орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауылішілік көше жолдары жыл сайын жөнделіп жатыр. Рахым Сәбденов ауылына ауыз су имаратын салу және құбырын жүргізу мәселесі келесі жылы жоспарда тұр. Тиісті құжаттардың бәрі дайын. Кезек сұрақ-жауап кезеңіне келгенде Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары балабақша, қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орын секілді мәселелерді көтерді. Тұрғындар қойған сауалдардың барлығына да аудан әкімі нақты әрі дәйекті мысалдармен жауап қайырды.
Марат Диханбай.