Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына төленетін ақшалай өтемақының қағидалары

110 Views

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 277 бұйрығымен, Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу қағидалары бекітілді.
Өтемақы:
– күзетпен қамауға алу, бас бостандығынан айыру, психиатриялық мекемелерге жатқызу, арнайы қоныс аударуға жiберу түрiнде негiзсiз қуғын-сүргiндерге ұшыраған немесе шектеулi бостандық жағдайларында (оның iшiнде «еңбек армиялары», «Ішкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналары» деп аталатындарда) мәжбүрлеп еңбекке тартылған және «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Заңға (әрі қарай Заң) сәйкес ақталған адамдарға;
– сондай-ақ, бас бостандығынан айыру орындарында олармен бiрге отырған балаларға, жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына не ата-анасының, олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған балаларға, олардың тұрғылықты жеріндегі әлеуметтiк қорғау органдары ақтау және көрсетілген орындарда болған уақыты туралы құжаттар негiзiнде бюджет қаражатынан көрсетілген орындарда болған әр айы үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгiленген. Әлеуметтiк қорғау органдарына өтiнiш жасаған кезге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің төрттен үш бөлiгi есебiнен, бiрақ айлық есептік көрсеткiштің 100 еселенген мөлшерінен артық емес ақшалай өтемақы төлейдi.
Заңның 22-бабында көрсетiлген негiздер бойынша ақшалай өтемақы алуға құқығы бар азаматтар ақшалай өтемақы тағайындау үшiн тұрғылықты тұратын жерi бойынша ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегi уәкілетті ұйымға мыналарды ұсынады:
– өтiнiш;
– жеке басты куәландыратын құжат;
– ақшалай өтемақы алу құқығын растайтын құжат (прокуратура органдарынан немесе сот органдарынан Заңның 22-бабында көрсетілген орындарда болған кезеңі көрсетіліп ақталғаны туралы анықтама).
Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балалары үшін қосымша – туу туралы куәлік не тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасынан үзінді көшірме, прокуратура органдарынан немесе сот органдарынан Заңның 22-бабында көрсетiлген орындарда болған кезеңі көрсетіліп, ата-анасының біреуінің ақталғаны туралы анықтама.
Ақшалай өтемақы тағайындау үшiн қажеттi құжаттардың түпнұсқасы және салыстырып тексеру үшiн көшiрмелері аудандық (қалалық) ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегi уәкiлеттi ұйымдарға ұсынылады.

А.Балабекова,
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша № 1 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы.

Поделиться ссылкой: