Тіл – Тіршіліктің бастауы

120 Views

Мемлекеттік тіл мәртебесіне Қазақстанда тұратын кез келген азаматтың өз үлесін қосуы – азаматтық және адамдық борышы болып табылады.
Қазақ тілінің тәуелсіздік жылдарында білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында өрісі кеңейді.Дегенмен елімізде мемлекеттік тіл өте қайшылықты ортада өмір сүруде.
Мемлекеттік тіл – тәуелсіз еліміздің негізгі атрибуттарының бірі. Әрбір тәуелсіз, тұғырлы елдің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны сияқты мемлекеттік тілі де болады.
«Тіл – тіршіліктің бастауы» – деп бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап, айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды.
Сондай-ақ, тіл – қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат. Тек ана тіліміз арқылы ата-анаға, елге, Отанға, халыққа деген махаббатымызды жеткізе алатынымыз анық. Олай болса, адам баласы өз анасын қалай сүйсе, өз тілін де солай сүйіп, құрмет тұтқаны абзал.
Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін білген халқымыз оны ұлттық рухына, қазына байлығына балайды. Себебі тіл – халықтың жаны, сәні, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Ол біздің халықтық қасиетті мұрамыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» – деген сөздерді қате түсініп, мемлекеттік қызметкерлер орыс тілін ресми тіл деп өрескел қатеге барады.
Мемлекеттік тіл мемлекеттің тұтас аумағында, болмаса белгілі бір аймағында заңдық мәртебесі мемлекеттегі басқа тілден ең жоғары бекітілген тіл.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл қазақ тілін дамыту, оның қолдану аясын кеңейту, дамуы мен жетілуіне жан-жақты қамқор жасау – бүгінгі күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Осындай мемлекеттік маңызды мәселені жүзеге асыру үшін арнайы қабылданған бағдарлама мен іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу, күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру – бәрімізге ортақ міндет.

Т.Аденова,
аудандық сот әкімшісінің бас маманы.

Поделиться ссылкой: